Жахан Отарғалиев: Балжанмен бір жыл ұрыстан кейін мен оған таңдау жаса дедім
Жахан Отарғалиев отбасы, анасы мен әйелінің қарым-қатынасы, тұрмыстық кикілжіңдер жайлы ашық айтты. Бірінші некесі сәтсіз аяқталып, жұмысы тоқырағанда өзіне анасының сөзі қолдау болғанын түсінеді. Өмірде өз әкем секілді әке болсам деп армандайды.
Бұл туралы TABOO бағдарламасында айтылды.
Жахан Отарғалиев жары Балжанмен үш ай кездесіп үйленді. Балжанның қылықты мінезі бірден баурады деген әзілкеш отбасында кикілжіңдер болғанын жасырмайды.
“Бізді көпшілік желіден көріп ұрыспайтын шығар деп ойлайды. Біз алғашқы бір жыл бойы ұрысып келдік. Сахна, шығармашылық, әншілік үшін ұрысып келдік. Ол үйде отырғысы келмеді. Мен үйде отырғанын қаладым. Солай әбден жауыр болды. Бір күні үлкен ұрыс болды. Мен оған таңдау жаса дедім. Отбасын таңда немесе сахнаны таңда дедім. Егер керемет әнші болсаң, өзіңді дәлелде дедім. Маған әйелімнің сыртта, гастрольдеп жүргені, үйде жоқ болғаны ұнамайды. Мен таңертең оянғанда әйелім тамақ жасап жатқанын, үйде болғанын қалаймын. Сондықтан сахнаға шығармаймын. Егер қаласа, киноларыма саундтрек жазып, киноның бүкіл композициясымен айналысуға болады. Ол да шығармашылық жұмыс. Отбасын әйел емес, еркек асырайды”, – дейді Жахан.
- Еркебұлан Дайыров: Әйелім көп қараның ішінен таңдап алған аруым, ессіз сүйіп қосылдым
- "Мерей қасында, ешқайда кетпеді": Журналист Мақпал Жүнісоваға қолдау білдірді
Айтуынша, отбасында әйел күйеуінен қорқу керек. Әйел ер адамның айтқанын орындауы керек. Сонда отбасында береке, тыныштық болады.
“Мен тез ашуланшақ, тез ренжігіш, тез ұмытатын, тез кешіретін адаммын. Барлық мінезім анама ұқсайды. Эмоцияның адамымын. Бірақ өте аңқаумын. Көп адам алдап кетеді. Шығармашылық адаммен бірге тұрған қиын. Бірақ Балжан мені тыңдайды. Мені жақсы көреді. Сондықтан менің қалауымды жасайды. Бұл құрметтің белгісі. Мен сондықтан кешірім сұрауға арланбаймын. Егер мен кінәлі болсам, оны мойындаймын”, – деді әзілкеш.
Жахан үйленер алдында күйзеліске түсіп, қатты құлазығаны айтты. Бір қыздың бір ауыз сөзі үшін өмірден түңіліп кеткен.
“Өзім жұмысым оңалмай, көңіл-күйім болмай жүргенде бір қыздың бір ауыз сөзі жүрегіме батты. Одан әрі күйзеліске түсіп кеттім. “Ажырасқан еркекке тұрмысқа шығамын деп ата-анама қалай айтамын?” деді. Мен содан кейін қыздармен сөйлескім келмей қалды. Бірақ Балжанмен ондай өкпе болған жоқ. Ол бәріне түсіністікпен қарады. Содан кейін де мені баурап алды”, – деді Отарғалиев.