"Сақтандыру сатып алу артық етпейді": Шетелде коронавирус жұқтырып, карантинге жабылған қазақстандықтар кеңестерімен бөлісті
Қазір әлем мүлдем бөлек. Енді бұрынғыдай ұшаққа билет алып, заттарды сөмкеге салып, белгіленген уақытта жолға шығу жоспарлы демалыстың тосынсыйсыз өтетініне кепілдік бере алмайды. Оның үстіне COVID-19 вирусы да туристердің жолына көп кедергісін келтіріп келеді. Мәселен, бұған дейін әлемнің екінші жартысында жүріп ПТР сынамасы оң нәтиже көрсетіп, қыруар шығындарды өз қалтасынан төлеген қазақстандықтар туралы аз айтылмаған. Stan.kz тілшісі коронавирустың кесірінен өзге елде қалып қойып, шетелдегі демалыста шектеуге ұшыраған жандармен тілдесті.
Әсел Сәрсембаева әр жыл сайын күйеуімен Таиландқа демалысқа шығып тұруды әдетке айналдырған. Айтуынша, пандемияның салдарынан Қазақстаннан 2 жыл ешқайда шыға алмай қалып, шекара ашылған бойда қайтадан аталмыш елге тартып отырған.
"Біз 2022 жылдың 23 қаңтарында Таиландқа ұшып шықтық. Біздің алғашқы ПТР сынақтарымыз теріс болды, барлығы жақсы басталды. ПТР сынақтың екі түрі болды, оның біріншісін әуежайда ұшаққа отырмай тұрып міндетті түрде тапсырады. Ал екіншісін елге келген күннен 5 күннен кейін тапсырады. Бұларды тапсыру міндетті. Бағаларына келер болсақ, әлбетте бізбен салыстырғанда қымбат. Бір сынақты тапсырудың бағасы 50 мың теңгенің жобасында", – деп бастады сөзін Сәрсембаева.
Оның сөзінше, әйелдің коронавирусқа оң нәтижесі 5 күннен кейін тапсырған сынақтан шыққан.
"Барлығы жақсы басталды деп айттым ғой. Мұндай тосынсый болады деп ешкім ойлаған жоқ. ПТР сынағымнан оң нәтижені көрсетті. Демалысқа бірге келген әйел мен оның қызынан да осындай нәтиже шықты. Амал жоқ, осылайша оқшаулануға тура келді. Алайда менде ешқандай аурудың белгілері болған жоқ. Алғашқы түні біз өз бөлмемізде қондық. Тек таңертеңнен бастап бізді басқа бөлмелерге ауыстырды", – дейді Әсел.
Сәрсембаева дереу өзі сақтандыру рәсімдеген "Nomad Insurance" ұйымына хабарласып, жағдайды түсіндіргенін айтады. Компания өз кезегінде барлығын жылдам қабылдап, тиісті кеңестерін берген.
"Қонақ үй мені ақылы түрде басқа бөлмеге ауыстыруға келісті, осылайша мен күйеуімнен бөлек 10 күн карантинде болдым. Бұл жақтағы қонақ үйлердің ең арзанының өзі күніне 50-60 мың теңге тұрады. Мені ешқандай дәрігер қарап, емдеу процедураларын жасаған жоқ. Себебі менде аурудың белгілері болған жоқ дедім ғой. Ал егер мен қатты ауырып, белгілердің барлығы байқалғанда онда ауруханаға жатқызуы мүмкін еді. Тиісінше қаражатты да көп қажет ететін. Таңертең қонақ үй қызметкері маған хабарласып, сақтандыру ақысы 10 күндік карантинді толығымен қамтығанын және ПТР сынағы үшін де төленгенін айтты. Сонымен қатар тест күнін мен өзіме ыңғайлы уақытқа қоя алатын едім", – деп жеткізді ол.
Сәрсембаеваның оқшаулау бөлмесінде 10 күн болуы міндетті болуына қарамастан Таиланд билігі демалушыларға ерекше жағдай жасағанын айтады.
"Негізі Таиландта коронавирустың белгісі байқалған адам 10 күн оқшаулануға міндетті. Алайда олар біздің жағдайымызды түсініп, демалуымызға жағдай жасап берді. Бізге тағы бір сынақ тапсыруға және оның нәтижесі теріс болып шықса шыға беруге рұқсат берді. Осылайша мен оқшауланудың 5 күнінде тағы да сынақ тапсырдым. Және қуанышыма орай оның нәтижесі теріс болып шықты. Бірақ сақтандыру компаниясының оқшаулану күнінің толық 10 күнінің ақысын төлеп бергенін атап өтуім керек", – деді әйел.
Сәрсембаева бұл оқиғалардың орын алғанына қарамастан демалыстың ойдағыдай өткенін айтады. Тіпті алдағы демалыста тағы да шетелге шығуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Айтуынша, бұл жолы бетке алған ел Таиланд емес.
Осыған ұқсас оқиғаға Малика Шуринова да тап болған. Әйелдің қызы ағымдағы жылдың қаңтар айының ортасында құрбысымен шетелге алғаш рет барып, елге оралар уақытта коронавирустың оң нәтижесі шығып қалған.
"Қаңтар айында қызым құрбысымен бірге Абу-Дабиге аттанды. Барар уақытта тапсырған сынақтары ойдағыдай шыққан. Демалыс өтіп, қыздарымыз әбден қыдырып елге қайтатын уақытта қызымның тапсырған сынағы оң нәтижені көрсеткен. Оны естіген біз бірден абдырап қалдық. Олардың өздері де сенбей сол жерде тұрып жылдам сынақ тапсырып көрген. Алайда оның нәтижесі де оң болып шықты. Ол жақта ПТР сынағының бағалары шамамен 6 мың теңге тұрады, ал жылдам сынақ 25 мың теңге шамасында", – дейді Шуринова.
Әйел қызының оқшаулану бөлмесінде 10 күн болғанын айтты.
"Қызым оқшаулану уақытының барлығын қонақ үйде өткізді. Ол Әмірліктегі арнайы медициналық ұйымдарға хабарласқан, олар қызымның жағдайының қалай екенін сұраған бірақ емдеу шараларын жасамаған. Біз қызымызға хабарласып уайымдамауын өтініп, барлығын сақтандыру компаниясы өз мойнына алатынын айтып түсіндірдік. Және солай болды да. Қонақ үйде тұру ақысын компания төлеп берді, сонымен қатар қызметкерлер үнемі бізбен байланысты болып, қайда қоңырау шалу керек, не істеу керек екенін түсіндіріп отырды. Оқшауланудың 9 күнінде қызым тағы сынақ тапсырып, оның нәтижесі бағымызға орай теріс шықты", – дейді әйел қуанышын жасырмай.
Маликаның мұндай оқиғаға балалары тап болған уақытта кез келген ата-ананың қатты уайымдайтынын айтады.
"Егер балаңыз осындай жағдайға тап болса, ол неше жаста болғанына қарамастан қатты уайымдайды екенсің. Сақтандырушыларға хабарласпай тұрып, мен Әмірлік елдеріне аттануға дайын тұрған едім. Сондықтан мен барлығына мына нәрсені ұсынар едім, аздап көбірек ақша жұмсасаңыз да, сақтандыру сатып алғаныңыз артық етпейді, әсіресе әңгіме балалар жайлы болып тұрғанда бұл өте маңызды", – деп түйіндеді Малика Шуринова.
"Барлығы тамаша болды. 15 күнімнің 5 күнін оқшаулануға арнап, қалған күндерімді армансыз демалысқа бөлдім. Осылайша өзіміз алған билетпен кері қарай ұшып кеттік. Әлемдегі мынадай кезеңде мен бәріне коронавирус ережелерін қатаң сақтағанды ескертер едім. Сондай-ақ қосымша сақтандыру жасатқан да артықтық етпейді. Сақтанғанды құдай да сақтайды, дейді ғой. Алдағы демалысымызда тағы бір елге баруды ойластырып отырмыз. Бұл жолы Мысырға барамыз деп шештік", – деп атап өтті Әсел Сәрсембаева.
Айта кетсек, "Nomad Insurance" сақтандыру компаниясы келтірген мәліметтерге сүйенсек, ұйым 2021 жылы 6 мыңнан астам туристке 5,3 млн теңге сомасында төлем жасаған.