"Бір сөмке 21 миллион теңге": Абай облысы әкімінің қызының желідегі дәулетті өмірі дау тудырды
Әлеуметтік желілерде Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың қызының қымбат брендтердің киімін киіп, сауық-сайрандарда жүрген бейнежазбаларын көпшілік сынап тастады. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Абай облысының әкімінің қызы Мәриям Ұранхаева үнемі джет ұшақтарымен ұшып, шетелдерде демалып, сауық-сайран салып жүретіні желіде таралды. Сондай-ақ бойжеткен киген қымбат әшекейлер мен танымал бренд киімдерінің бағасы қалың жұртты таңғалдырып, шамына тиді.
Ол Serpenti өнімінің 15 миллиондық алқасы мен 8 миллиондық жүзігін, Cartier брендінің 14 миллиондық алқасын түсірген. Әрі қыздың фотосуреттерінен Hermes брендінің бірнеше сөмкесі бар екені байқалады. Ал ол сөмкелердің бағасы – 21 миллион теңгеден астам.
Желі қолданушыларының мәлімдеуінше, қыз жиырмада. Ресейде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында оқиды. Бақылауымызша, элиталық топтың балаларымен араласады.
Әкім Ұранхаев осыған дейін жалақысы бір миллион 900 мың теңге екенін мәлімдеген еді. Осы жалақымен қызын өте қымбат дүниелермен қалай қамтамасыз етіп жатқаны көпті алаңдатты.
“Бір жылдық жалақысына бір сөмке алған шығар”, “Осы сөмкелермен қанша халықты қамтамасыз ете аламыз екен”, “Ал мұның орнына жабдықтар алуға болушы еді”, “Он төрт адамның өмірі осы сөмкелердің құны болғаны ғой” деп жарыса жазды желідегілер.