"Шара қолданбаса, мұндай жағдай қайталана береді": Алматыдағы хостелде қаза болған баланың әкесі билікке ренішін білдірді
Ақтау қаласында Алматыдағы хостелде қаза болған 19 жастағы Никита Королевтің жерлеу рәсімі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан алынды
Марқұмның әкесінің сөзінше, баласы өткен бейсенбі күні кеште сессияның басталуына бірнеше күн қалғанда үйіне келуі керек болған. Алайда сол күні таңертең қайғылы оқиға орын алды.
"Бұл – біздің немқұрайлығымыздың көрсеткіші. Ертең бұл қасірет баршаның, кез келген баланың, кез келген адамның басына түсуі мүмкін. Себебі ешқандай шара қолданбаса, мұндай жағдай қайталана береді. Тағы қанша бала қаза болуы керек? Тағы қанша ата-анаға қайғы әкелуі керек?" – деді марқұмның әкесі Сергей Плужник.
Фото: Видеодан алынды
Никита IT маманы болуды армандаған. Ол Алматы университеттерінің бірінде үшінші курста күндізгі бөлімде, қашықтан оқыған. Сондықтан оның жатақханадан орын алуға құқығы болмаған. Ата-анасы ұлдарының хостелде тұратынын білген, бірақ бөлме жертөледе орналасқанынан хабарсыз болған. Никита бастапқыда достарымен пәтер жалдап тұрып, кейіннен ақысын төлей алмай шығып кеткен. Ол – отбасындағы жалғыз бала.
Еске салсақ, Алматыда хостелдегі өрттің салдарынан 13 адам мерт болған еді. Олардың ішінде қаза тапты деп саналған Түркістан облысының тумасы тірі болып шықты.
Сондай-ақ Алматыда хостелде қаза тапқан ақтаулық 19 жастағы жігіттің анасы желіде жазба жариялап, ұлын көрмегеніне 1,5 жыл болғанын айтқан еді.