Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бәрінің жыныс мүшесін бір қолғаппен ұстаған": Ақтөбеде мектептердің біріндегі медициналық тексерудің соңы жанжалға ұласты

Ақтөбедегі мектептердің бірінде оқушыларды жоспарлы медициналық тексеруден кейін жанжал шықты. Ата-аналар әлеуметтік желіде балаларының өрескел заң бұзушылықпен тексерілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik

Ата-аналардың мәліметінше, ұлдардың жыныс мүшесін тексерген кезде дәрігер қолғап ауыстырмаған. Қыздарды да ер маман тексерген. Тексерудің өзі мектептің мәжіліс залында антисанитарлық жағдайда өтіпті. 

"Қолғапты әр баланы қарағанда ауыстырып отыру керек, бірақ маман олай жасамаған. Сондай-ақ медициналық тексеру болатынын ата-аналарға ескертпеген", – делінген хабарламада.

Ата-аналар әр баланы тексеруден бұрын қолғапты ауыстыру керек еді деп есептейді. Сол себепті денсаулық сақтау басқармасынан шара қолдануды сұрайды.

Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы шағымға жауап берді. Олар шынымен де аталған мектепте жоспарлы медициналық тексеру жүргізілгенін растады.

Олардың айтуынша, тексеру жүргізуге оқу орнының басшылығы арнайы орын берген. Барлығы 3, 4, 8-сыныптардан 100-ге жуық оқушы тексеруден өткен. 



“Оқиға туралы кәмелетке толмағандардың ата-аналарына хабар берілді. Балалар хирургы көрінетін локализацияланған патологияларды анықтау үшін оқушыларды профилактикалық тексеруден өткізді. Маманның айтуынша, ол әр тексеруден кейін қолғап ауыстырған. Көрнекі медициналық тексеру арнайы үй-жайды қажет етпейді. Ең бастысы, ыңғайлы температура және қысым болмауы керек. Сондықтан дәрігерлер сараптаманы акт залында өткізуге келісті", – делінген денсаулық сақтау басқармасы хабарламасында. 

Дегенмен ата-аналардың өтініші негізінде басқарма қызметтік тексеріс бастады.

Ал №14 орта мектеп әкімшілігі тек №5 мемлекеттік аурухананың медицина қызметкерлеріне ғана бөлме бергенін мәлімдеді. 

"Медициналық тексеру кезінде оқушылардың қасында сынып жетекшілері болған. Тексеру сапасын медицина мамандары қадағалайды. Мектеп тек ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді және медициналық тексеру нәтижесіне жауап бермейді", – делінген мектеп басшылығы хабарламасында. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда науқастардың жеке медициналық деректерін сақтау мерзімі белгіленгені туралы жазған едік. 

Талқылау