Биньямин Нетаньяху: Израиль жалаң қолмен де соғысуға дайын
АҚШ Рафахта әскери операция бастайтын болса, Израильге оқ-дәрі жеткізуді тоқтатамыз деп қорқытқаннан кейін, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху тіпті жалаң қолмен де соғысуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ашық дереккөзден
"Егер жалғыз күресу керек болса, біз жалғыз күресеміз. Мен бұған дейін де айттым, егер қажет болса, біз жалаң қолмен де соғысамыз... Бірақ бәрінен де біздің күш-жігеріміз мықты, біз Құдайдың көмегімен жеңеміз", – деді Нетаньяху бейсенбі күні жасаған бейнеүндеуінде.
АҚШ президенті Джо Байден сәрсенбі күні берген сұхбатында Рафахтағы палестиналық бейбіт тұрғындарды шығынға ұшырататын операция басталса, Израильге қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізуді тоқтататынын айтты.
Бұған дейін АҚШ ескерту ретінде Израильге әуе бомбаларының тағы бір партиясын жеткізуден бас тартқан.
Нетаньяху бұл туралы бейнеүндеуінде тікелей айтқан жоқ, бірақ оның сөйлеген сөзінің мазмұны америкалықтарға жауап болғаны анық. Ол өз сөзінде 1948 жылғы соғысты еске алды.
"Бұдан 76 жыл бұрын тәуелсіздік үшін соғыста біз аз, жау көп еді. Бізде қару болған жоқ. Израиль қару эмбаргосының астында болды. Бірақ арамыздағы орасан зор қайраттың, қаһармандық пен бірліктің арқасында біз жеңіске жеттік", – деді премьер.
БҰҰ шенеуніктері бейсенбі күні Израиль бейбіт тұрғындарға Рафахты эвакуациялауға бұйрық берген күннен бері 80 мыңнан астам адам қашып кеткенін хабарлады.
Израиль ұшақтары апта бойы Рафахқа нысаналы соққылар жасап жатыр.
Бұған дейін АҚШ Президенті Джо Байден егер Израиль Рафахқа шабуыл жасайтын болса, оларға снаряд пен оқ-дәрі беру тоқтатылатынын мәлімдеген еді.