Білім күні Түркістан облысында 9 жаңа мектеп пен қосымша ғимараттар пайдалануға берілді

Түркістан облысында білім күнінде жаңа мектептер пайдалануға берілді. Солардың бірі Түркістан облысы Қазығұрт ауданында ашылды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Шарбұлақ ауылындағы 300 орындық "Шарбұлақ" жалпы білім беретін мектебінің жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысып, жұртшылықты құттықтады.
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Тамыз кеңесінде балалардың сапалы білім алуы мен қауіпсіздігіне баса мән беруді тапсырды. Бүгін қасиетті Қазығұрт өңірінде тұрғындардың өтініші бойынша заманауи мектеп пайдалануға беріліп, осы ауылдағы білім беру ғимаратының мәселесі шешіліп отыр. Түркістан облысында мыңнан аса мектеп, 550 мыңнан аса оқушы бар. Біз білім саласына қолдауды жалғастырамыз. Баршаңызды жаңа ғимаратпен және Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын”, – деді Нұралхан Көшеров.

Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Түркістан облыстық департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейдулла Сеңгірбаев та ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады.
Жергілікті тұрғындар мен ата-аналар, ұстаздар қауымы білім саласына қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғыстарын білдірді.

Мектеп орналасқан жер телімінің жалпы ауданы – 7 125 шаршы метр, ал ғимараттың аумағы – 4 353 шаршы метр. Құрылыс жұмыстары 2026 жылғы тамызда толық аяқталды.
Мектептің ашылу салтанатынан кейін өңір басшысы мен тұрғындар мектепті аралап, ғимаратпен танысты. Мұнда оқушылардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Шарбұлақтық оқушылар жаңа оқу жылын жаңа білім ұясында қарсы алды.



Бұдан бөлек, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, күрделі жөндеуді және жаңғыртуды қажет ететін 115 мектепке реновация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде 2025 жылы – 41, 2026 жылы – 38, 2027 жылы – 36 мектепті жаңғырту жоспарланған.
"Балаларыңызды тартып аламыз": Жалғызбасты анаға пранк жасап, үй сыйлаған "Харекет" қоры сынның астында қалды