"Шаш ал десе, бас алатын" әрекеттерге жол беруге болмайды": Тоқаев изоляторларда азапталғандар жайлы пікір білдірді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысушыларды азаптау істерін тергеуге адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен құқық қорғаушылар тартылғанын, мемлекет пен құқық қорғау органдары және өзі процеске араласпайтынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Талдықорған қаласының тұрғыны Азамат Батырбаевты үтікпен азаптағаны туралы білетіні туралы және шара қабылданып жатқаны туралы мәлімдеді.
“Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейне үндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. "Шаш ал десе, бас алатын" әрекеттерге жол беруге болмайды”, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кеткенін айтты. Ол әр іс бойынша шешім шығарылатынын алға тартты.
“Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар: Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да жұмыстарына араласпайды. Мен де араласпаймын. Әрбір құқық бұзушылық дерегі бойынша шаралар қабылданады. Кінәлі адамдар жазаға тартылады. Мен үшін азаматтарымыздың құқығы аса маңызды. Әсіресе, қазіргі таңда мұны ең маңызды мәселе деп айтуға болады. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару мен үшін негізгі принцип болып табылады”, – дейді президент.