"Бетіме ештеңе айта алмайды": Сәкен Майғазиев өзін қаралайтындарға жауап берді
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәкен Майғазиев желіде жағымсыз пікір жазып отыратын оқырмандарын сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі көңілсіз фотосын жариялап, оқырмандарын алаңдатып қойған болатын.
“Құшағымды ашып, жымиып тұрып жазайыншы. Кешегі ақ-қара суретіме қарап мені өмірден түңіліп отырып жазба қалдырған екен деп қабылдағандар көп болыпты. "Сәкен аға, сізді кім жамандаған", "Сәкен бауырым, көңіліңе алма" деген сынды хат көп келіп жатыр. Кешегі жазбамның маған мүлдем қатысы жоқ.
Сыртымнан тон пішетін, кездескенде бетіме ештеңе айта алмайтындардың әрекеттерін көтеретін иммунитет бар менде, ҚҰДАЙға шүкір. Күле қарауды үйреніп алдым. Айтқым келгені басқа.
Бір ағамыз: "Ұлы тұлғалармен жақын танысып, етене араласуға қорқам. Неге десеңіз, оның пенделігін көріп қоям" деп еді. Замандас, әріптес, сапарлас, дәмдес болған, ақыл тоқтатқан адамдардың әлеуметтік желі арқылы көзі кетіп немесе жүзі тая бере бір бірі туралы өсек айтып, қаралай кететіні не сән?! Соңғы кезде қатты белең алып бара жатқан жағымсыз көрініс”, – деп ренжіді әнші.
Өнер иесінің айтуынша, бүгінде қарт кісілердің қарғап отыратыны белең алып бара жатқан көрінеді.
“Элера Кабилжанқызы деген балапаннан Шарапат "Жауапкершіліктен жұрдай, жексұрын" деп жүрген бір әнші туралы сұрады. Сонда Эля қыз: "Білмеймін, жаман қасиетін көрмедім, өте жақсы адам" деп жауап берді. Сол кезде мен Эляға Серік Қалиев ағамыздың: "Әділ қазылар біреуге баға беріп отырып, өзіне баға беріп отырғанын байқамайды", деген сөзін айтып бердім. Әсілінде, Элеара әлгі әншіні жамандамаған әрекетімен өзінің жақсы адам екенін көрсетті. Түсіндіре алдым ба?
Соңғы кездері бір бірімізге айдап салып, отқа май құйып, әсіресе, қарт кісілердің тілінен тартып, ғайбат айтқызуға өзіміз мәжбүрлеп жүрміз. Айттыңызшы, қазақ елінің болашағына осы әрекетіміздің пайдасы бар ма?”, – деп жазды мәдениет саласының өкілі.
Еске салайық, желіде жауаптан шатасып күлкіге қалған журналиске әнші араша түскенін жазған болатынбыз.