Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Бесбармақ» әлде «бешбармақ»: Қалай дұрыс?

Қазақ халқы – көшпелі халық. Олардың ең негізгі асы еттен жасалады. Ұлттық тағамдары да еттен жасалған өнімдерге бай. Соңғы уақытта осы ұлттық асымызды «бесбармақ, бешбармақ» деп атап жүргендер көбейіп кетті. Тіпті, өлең жолдарында, ән шумақтарында кездесе бастады. Шындығына келгенде, осы атаулар дұрыс па? Осы туралы бүгінгі мақаламызда айтамыз.

Ғалым А.Фазылжанова «Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде ол тағамның аты «Ет» деп аталады. Ет асайық, еттің наны дейді, еттің сорпасы дейді, бешбармақтың сорпасы, бешбармақтың наны деп айтпайды» деп пікір білдірген.

Оның айтуынша, орыстілді ортада көп жүрген қазақтар қолданады. Қазақи ортада өзінің атадан келе жатқан асын ешбір қазақ «Бешбармақ» деп атамайды.

Сондай-ақ, ғалым «бешбармақ» сөзіне қатысты мынадай пікір білдіреді: «Бұл мынау алғаш қазақ жеріне қоныс тепкен орыс ұлт өкілдерінің арасында қазақтардың бес саусағын малып, етті қолмен жеп жатқанын көреді ғой. Сонда қонақ болып отырады. Сол кезде қазақтар айтады: «Же, же, мына бес саусағыңмен же», - дейді. Олар әдеттегідей қасыққа жүгірген кезде айтқан сөзі. Содан барып «Бешбармақ» боп, «Бесбармақ» боп кеткен. Этимологиясын осылай түсіндіретін де адамдар бар. Мен сол этимологияны түсіндірген кісілерді қолдаймын. Қазақтар өзінің ешқашан дәстүрлі, ең құрметті асын «Бешбармақ» деп атамаған. Сондықтан мынау қазақи ортаға келген кезде осы сөзді айтпаған абзал».

Бұл – орыс мәдениеті тұрғысынан біздің ұлттық асымызға берген атауы. Тілімізде осындай құбылыстар жиі кездеседі. Қазақта «Ет асу», «Еттің наны, еттің сорпасы» деп айтылады. Сондықтан ұлттық асымыздың атауын дұрыс қолдануымыз керек. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 06 Қазан, 2020 16:07
Талқылау