"Қазақстан Ауғанстаннан келген 70 мың босқынды қабылдайды": Қазақстан билігі бұл ақпаратты жоққа шығарды
Президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында осылай жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Бұған қатысты тараған ақпарат негізсіз", – деді ол өз жазбасында.
Сонымен қатар баспасөз хатшысы Дүниежүзілік ұйым басшылығы ресми өтініш білдірген жағдайда БҰҰ қызметкерлеріне ғана көмек көрсетілетінін жеткізді.
Еске сала кетейік, WhatsApp мессенджерінде Қазақстанға Ауғанстанның 70 000 азаматы келеді деген қауесет тараған болатын.
"Қазақстан Республикасының Үкіметі Ауғанстанның 70 мың азаматын қабылдауға рұқсат берді, оның ішінде екі мың адам Шымкентке (Түркістан облысы - бес мың адам) орналастырылатын болады. Алғашқы 500 адамның келуі 2021 жылы 15 тамызда сағат 21:00-де қала әуежайында күтілуде. Келушілер Тогус тұрғын үй кешенінің №120 орта мектебінде (Еңбекші ауданы) және 1 мамыр көшесіндегі "Оралмандар үйінде" (Абай ауданы, Қастеев атындағы өнер мектебінің бұрынғы жатақханасы) орналастырылады. Босқындардың қалған жарты мыңы бірнеше күннің ішінде келеді", – деп жазылған ел арасында тараған ақпарат көзінде.
Шымкент пен Түркістан облысына орналастырылатыны туралы бұл мәліметі ҚР Сыртқы істер министрлігі жоққа шығарды.
"Бүгінгі күні тараған ақпарат шындыққа жанаспайды" , – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент Әкімшілігі мен cыртқы істер министрлігіне Ауғанстанға қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру тапсырған болатын.