Әйгілі Белуччиді дыбыстаған актриса өз әйелін балталап өлтірген таксистен қалай құтылғанын айтты
Танымал актриса алғаш рет өз әйелін балталап өлтірген такси жүргізушісінен қалай қашып құтылғанын айтып берді. Мұнымен қатар, әлі күнге дейін оң босағада отырған қыз екенін ашып айтты.
Бұл туралы 31 арнаның “Ұят емес” бағдарламасында айтылды.
Күнсұлу Шаяхметова Қазақстанның театр, кино, телевидение және дубляж актрисасы. Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы, Тауағаш ауылында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында білім алған. Жұрт оның өзін танымаса да, даусын жақсы біледі. Себебі, ол осы күнге дейін бірнеше голливудтың актрисаны дыбыстаған. Ол алғаш рет әйелін балталап тастаған еркектен қалай қашып құтылғанын айтты.
– Қорқыныш сезімі саған таныс па?
– Мен кісі өлтіргіш адаммен Шымкенттен Алматыға қатынаған күнім болды. Бір концертті өткізіп, екінші концертке бара жатқан едім. Мені түнделетіп салып жіберді. Олардың аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйын. Сөйтіп көліктің салонында бір өзім келе жатырмын. Жүргізушінің не түрік, не басқа екенін білмеймін. Тау халқы өте томаға-тұйық, қабағына қар жауған болып келеді. Айнадан қайта-қайта жүзіне қарап қоямын. Арасында “аға” деп айтып қоямын. Жаңағы әйелдерге деген жеккөрініш бетінде тұр. Жамбылға жақындай бергенімізде “Сен менен қорқасың ба?” деп сұрады. “Мен неге сізден қорқуым керекпін?” дедім. Ол әйелін балталап, түрмеге отырып шыққан екен. Басында жүрегім су ете түсті. Біткен жерім осы шығар деп ойладым. Әлемнің әйелін жеккөріп тұрғандықтан, қатты қорықтым.
Түн баласы маған не істеймін десе де, өз еркі. Иманым үйірілді. Бірақ кәлимаға тілім келмеді. Қорқынышымды жасырып, ол кісіні өзінің басқа адам екеніне сендіруге тырыстым. Одан әйелдерді жеккөруінің себебін сұрағанымда, келіншегі оның көзіне шөп салғанын айтты. Қорықпай отырғаныма қарап, бір күліп қойды. “Маған себебі қызық болып тұр. Кейін күйеуімнің маған да осылай жасағанын қаламаймын. Мен мұсылман әйелмін” дедім. Осы сәтте кәлимаға тілім келіп, мұсылман екенімді дәлелдедім. Басынан өткен оқиғаны баяндап берген соң, “Өте дұрыс істегенсіз. Еркек болсам, мен де осылай жасайтын едім. Сіз секілді еркектер азайып келеді” дедім. Бір қызығы, осы сәтте жүрегімдегі қорқынышым ғайып болып кетті. Екеуіміз сөйлесіп, жолда асханаға тоқтадық.
Ол менен тамақ алып беруімді сұрады. Тамақ ішіп болған соң, көлікке қайта оралдық. Оны маған тиіспейтініне әлі де сене алмай келе жатырмын. “Мен қатты шаршадым. Демалып алсам бола ма?” деп сұрадым. Бір уақытта Жамбыл мен Шымкенттің ортасына келіп тоқтады. Көліктің арт жағына қарай кетті. Мен балта алып шығып келе жатқан болар деп ойладым. Бірақ көрпе-жастық әкеліп, маған “ұйықтап ал. Менен қорықпа. Саған тиіпсеймін. Мен өз ісім үшін жазамды алдым” деді. Қорыққаннан қатты терлеп жатсам да, көрпені ашпай қойдым. Үнімді шығармай жылап жатырмын. Көрпені ашатын болсам, тағы бірнәрсе болып қалатындай көрініп тұрды. Бір уақытта көзімді ашсам, Алтын Орда тұсына келіп қалыппыз. “Осы жерде тұрамын. Қазір мені алып кетеді” деп өтірік айтып жатып, әлгі көліктен түсіп қалдым.
– Жоқшылықтан қиналған кездерің болды ма?
– Жасырмай-ақ қояйын, пәтер ақымды төлей алмаған кездерім болды. Тіпті, атым-затым шығып қойғанның өзінде осылай жүрдім. Бірақ ешкімге сыр білдірмедім. Енді қазір оның барлығын айта берсем болады. Жұмыссыз қалған кезде, шыны керек, балалар үйіне баратындай дымым қалмады. Қолда бар ұным, жұмыртқам, қантымнан қапшық-қапшық қылып тәттілер пісіретінмін. Арасында балалар ұнататын пиццаны да пісіремін. Бауырсаққа үлгермей жатсам, бауырым Османға пісіртемін. 3-4 жәшік бауырсақ керек еді деп тапсырыс беремін.
Өзім интернатта оқыған кезде бауырсақ жегенді ұнататын едім. Бірақ балалар бауырсақты өзім пісірмегенімді біліп қояды. Себебі менің бауырсағым өзіме ұқсайды. Қазір балалар үйіне жиі барамын десем, бұл сөздерім артықтау болады. Арасында “Балалар, маған ренжіп қалдыңдар ма? Мен гастрөлде жүрмін” деп хабарласып отырамын. Сонда олар “Даусыңыз қарлығып қалыпты ғой. Жұмысқа бара алмай қалатын болдыңыз ғой” деп қалымды сұрап жатады.
– Неге осы күнге дейін ана болмадың?
– Мен біріншіден әлі оң босағада отырған қызбын. Тұрмыс құрмағанмын. Бірде Ақтөбе қаласына қайырымдылық концертпен барған кезде, бір кісілер “Сіздің үш балаңыз бар екен. Күйеуіңіз осындай адам екен” деп айтты. Осындай қауесеттерді естіген кезде таңғалатыным бар. Жоқ, мен Алладан жасырмағанды адамнан жасырмаймын.
– Дәл осындай ерекше сұлу, нәзік, қолынан түрлі тағам жасау келетін жан неге жалғыз жүр? Жігіттер сонда қайда қарап жүр?
– Мен жігіттердің қайда қарап жүргенін білмеймін. Мен тұрмыс құрғысы келетін адамдардың қатарынанмын. Ата-енеме қарап, өз әулетіме ырыс-береке болып барғым келеді. Әулетімнің менімен мақтанғанын қалаймын. Ақ некемнің қиылып, ақ бата беріліп, ата-енесінің разылығын алғысы келетіндердің қатарынанмын. Әлі тұрмыс құрмағанымды білгенде, көбісі күліп жатады. Мен бәрібір бақытты әйел қатарынан боламын. Мен бәрібір ата-енемнің разылығын аламын. Мен бәрібір бақытты балалық шағы бар, еліне қызмет ететін қылықты қыз бен ұлықты ұлдың анасы боламын. Маған сеніңіз! Мен мұны жарты жылдың ішінде үлгеріп тастауым да мүмкін.
– Бұл сөзің бос емес-ау? Біреу бар ғой?
– Жеке өмірім туралы ешнәрсе айтқым келмейді. Бұл жария ететін нәрсе емес. Бірақ жүрегім бос емес.
– Жалпы сен құлай сүйіп ғашық болдың ба?
– Әрине, қазір осы сезім басымнан өтіп жатыр. Ер азаматым сұлусың деп айтпайды. Ақылымды бағалап, тым ерке екенімді тілге тиек етіп отырады. Әлем-жәлем өтірік сөздерді шұбыртпайды. Фактіге сәйкес сөйлейді. Кейде “басың істемейді” деп айтып қалады. Мен үшін бұл – ең керемет сөз. Мұндай әйел адамның әрқайсысында болатын шығар. “Ақымақ болма!” дейді. Маған өзімнен биік, маған ақыл айта алатын, әмір ете алатын, маған “отыр-тұр” деп айта алатын адам керек. маған осы нәрсе ұнайды. Әйел адамға да сол керек сияқты. Себебі, біз ер азаматтың қисық қабырғасымызбыз. Ал ер адам қабырғасына әмір етуге құқылы.
– Сізге бір фильмнің дубляжы үшін қанша теңге төлейді?
– Мен дубляждағанды қатты жақсы көремін және оны тез жасаймын. Ол маған ешуақытта қиын болған емес. Жарты немесе бір күндік жұмыс үшін 2-3 мың доллар төлейді. Сондықтан жаман емес, Аллаға шүкір, берекесі бар.
– Біз сізді қоғамдық көліктен көрдік. Сіздің таксиге төлейтін ақшаңыз жоқ па?
– Мен ешкімнен артық немесе кем емеспін. Қоғамдық көлікке тәуелсіз елдің бір азаматшасы ретінде отыруға құқығым бар деп ойлаймын. Тіпті, осы қоғамдық көлікке төлейтін ақшам болмай қалған кездер де болған. Мен көбіне жаяу жүрдім.
Жіберіп алмаңыз:
Ләйлә Сұлтанқызы: Пәк қыздарды бұл қоғам баяғыда «қызыл кітапқа» енгізіп жіберген
Ләйлә Сұлтанқызы: Менің суретіммен арықтау туралы жарнамалайтындардың бәрі алаяқтар
Жанна Әбуова ұлының әкесін «тауып қойған» желі оқырмандарына жауап берді
“МузАрт live” жігіттерінің әнін беріле тыңдаған Мейрамбектің ұлы көпшілікті сүйсінтті (видео)