Белгілі қазақ әндерінің авторы көшеде түнеп жүр
Арман Қайназаров есімді жігіттің бейнежазбасы әлеуметтік желіде таралды. Қазіргі таңда шырқалып жүрген көп әннің авторы көшеде түнеп жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Массагет сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайназаровтың үйсіз-күйсіз далада қаңғырып жүргені көпті алаңдатты. Авторға ол музыкамен айналысып, композитор болғанын айтты. Айтуынша, ол Қызылорда облысындағы Қазалыдан. Бейнежазбада ол Ұлықпан Жолдас, Қыдырәлі мен Қарақат, Абай Бегей сынды әншілерге кезінде ән шығарып бергенін айтады.
Қайназаров “Шәмші аға”, “Нұрикамал” әндерін де орындаған.
Сырбойылық ақын Есет Табынбаев Facebook-парақшасында оны танитын жақындарыға іздеу салды.
"Әңгімесіне қарасаң, өнерден кенде емес, көптеген әннің авторы екен. Басқа емес, Қазалының тумасы. Тағдыр деген сан бұралаңды дүние екенін есейген сайын көріп келеміз ғой. Мына бауыр сол тар жолда тайып кетіпті. "Үйіме баруға ұяламын" деп отыр. Өзін тастап жібергенімен, намыс пен арын, бастысы, ұятын тастамапты. Танитын кісілер, ағайын-бауыры болса, қолтығынан сүйеп жіберсе, аяғына тұрып, көптеген әннің авторлық құқығын алса, әжептәуір азамат, тамаша шығармашылық адамы болып та кетер ме еді?!" – деп жазды ол.
Арманның он шақты жыл бұрын орындаған әндері Youtube желісіне жүктелген.