Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Беларусь жерінде қазақ батырын еске алуға арналған жеңіл атлетикадан турнир өтті

Беларусь жерінде Кеңес Одағының батыры Қазбек Нұржановты еске алуға арналған жеңіл атлетикадан дәстүрлі турнир өтті. Биыл дүбірлі дода қырықыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Ал қазақстандық спортшылар бұл спорттық жиынға алғаш рет қатысты.

Бұл туралы Хабар 24 хабарлайды.

Қарағанды өңірінің тумасы Қазбек Нұржанов соғысқа туған ауылынан 1942 жылы аттанады. Майдан даласында талай жаудың көзін жойған ол Волковыск қаласын азат ету кезінде әскери топқа жетекшілік еткен. Бірақ жеңіс күнін көре алмады. 1944 жылы ол Волковыск маңында ауыр жарақаттанып, мәңгілік сапарға аттанады. Отандасымыз дәл осы өлкедегі бауырластық бейітінде жерленген. Ол – өзімен қатар жатқан 200-ге жуық жауынгердің ішінде Кеңес Одағының батыры атағы алған жалғыз сарбаз. Бұл ауданында даңқты қазақ ұлын ұлықтауға арналған сыралғы дәстүр қалыптасқан. Жыл сайын мұнда жеңіл атлеттер арасында дүбірлі дода ұйымдастырылады.

«Қазақтың батыр ұлы Қазбек Нұржановты еске алуға арналған турнир 1978 жылдан бастап өткізіліп келеді. Биыл жарыс жалауы қырықыншы рет желбіреді. Турнирдің халықаралық деңгейге шыққаны қуантады. Қазақстанның Қарағанды өңірінен жас спортшылар келіп, бақ сынады», – дейді БР Гронден облысы Волковыск аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Игорь Кашкевич.

Ал кәсіпкер Мұрат Жадаев Беларусь жерінде қазақ батыры Қазбек Нұржановтың құрметіне бір көшенің аты берілгенін айтты.

«Хатинь, Брест, Сталин линасы, барлық Беларусь ашық аспан астындағы мұражай сияқты көрінеді. Тек қана бір Қазбек Нұржановқа көрсетілген құрметті қараңыз. Волковыск қаласында бір көшенің аты берілген. Пионер дружинасында аты берілген. Біз ескерткіш орнаттық. Ұлы Отан соғысына арналған музейде толық бір бұрыш сол кісіге арналған. Қазақ халқына осындай құрмет көрсетіп жатқан Беларусь халқына рахмет», – дейді кәсіпкер Мұрат Жадаев.

Биылғы жарыстың орны бөлек. Бұл жолы батырдың туған өлкесі Қарағанды облысынан да спортшылар қатысты. Кенді өлкедегі олимпиадалық резерв мектебінен 10 шақты өреннің баруы турнирді халықаралық деңгейге көтерді.

«Бұл турнирге Қарағанды облысының жеңіл атлетика мектебінен 9 спортшы қатысты. Осы 9 спортшының келіп қатысуына қолдау көрсеткен Қарағанды облысының әкімшілігіне және ҚР Беларусьтегі елшілігіне үлкен алғыс білдіреміз», – дейді Қарағанды облыстық жеңіл атлетикадан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің директоры Есен Төлтаев.

Қазақ елінен барған спортшылар мен батырдың туған-туыстарын жергілікті жұрт жылы қарсы алды. Бірнеше жерде Қазбек Нұржановтың ерлігін паш ететін мазмұнды шаралар өтті. Волго, Днепр, Зуш өзендері бойындағы жау әскерін жайратқан сәттерін кейінгі ұрпақ үлгі етті.

«Турнирге қатысқаныма қуаныштымын. Оның үстіне жарыс сонау жылдардан бері ұйымдастырылып келеді және халықаралық деңгейге шықты. Қазақстандық спортшыларға тек сәттілік тілеймін», – дейді спортшы Евгений Германович.

Қазақстандық спортшылар жарыста жүлде теріп қана қоймай, баба рухына тағзым етіп, рухани-патриоттық тәрбие алды. Жалпы Қазбек Нұржановтың есімін дәріптеуге отандастары да үлес қосып жүр. Мәселен, мына ескерткішті қазақстандық кәсіпкер өз ақшасына тұрғызып берген.

Оқи отырыңыз:

ШҚО-да түн ішінде адасып жүрген керең әрі мылқау бала табылды

Астанада аса қауіпті қылмыскер түрмеден қашып кетті

Ақмола облысында оқушыны сабаған әкім тергеуге алынды

Атырауда балықшылар аулаған балықтарының бәрін зейнеткерлерге таратып берді (видео)

Талқылау