"Бекерге жылатпаңыздар": Айдарбекова Қайрат пен Еркені қосатындарға жауап берді
Ерке Есмахан Қайрат Нұртастың қуанышты сәттерінен қалмайды. Қайрат туған күнін Мальдив аралдарында тойлаған кезде мыңдаған шақырым жерге ат артып барған жалғыз әріптесі – Ерке. Екеуінің бірге түскен суреттері мен видеоларын жиі көретін жұрт олардың арасында қандай да байланыс бар деп болжаған. Қайраттың анасы бұл сұрақтың нүктесін қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Ерке Есмахан – Қайраттың досы. Екеуі бір уақытта шыққан, замандасы. Еркенің Қайратқа арамдығы жоқ, ол – жақсы қыз. Ол Жұлдызбен де, Қайратпен де дос.
Еркені бекерден бекер жылатып, жүрегіне тимеңіздер. Өте ұят нәрсе. Екеуін бірге ұстап алсаңыздар, айтыңыздар.
Әйтпесе көріп жүрсіздер, Қайрат бар әнін жүрегімен Жұлдызға арнайды. Жастай қосылған махаббаты. Отбасы болған соң, ұрыс-керіс болады. Ренжісіп қалған кездері болған. Бірақ қазір екеуі бірге. Ең бастысы, бала-шағасына қарамай, ажырасып кетіп жатқан жоқ", – деп мәлімдеді Айдарбекова.
Әсіресе Жұлдызбен ара-қатынасы туралы түрлі қауесет тарағалы жұрт Қайратты түрлі арулармен қосатын болған. Бұған оның отбасының еті үйренген.
"Қайраттың қасында қандай әйел болсын, қыз болсын, барлығын тоқалы етіп шығарады. Бір кездері Ақтөбеден келген құрбым бар. Сол мейрамхана ашқан, Қайрат тұсауын кесуге барған. Сонымен Қайрат Нұртас Ақтөбе қаласында тоқалына мейрамхана ашып беріпті деп шығарды. Ол – менімен қатарлас, менің құрбым. Қазір ондай әңгімеге күйіп-піспеймін", – дейді Гүлзира Айдарбекова.