Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Bek Air" ұшағының апатқа ұшырауына қатысты тергеу аяқталды

Көліктегі полиция департаменті процесс прокурормен келісе отырып, Алматы әуежайында 2019 жылы 27 желтоқсанда апатқа ұшыраған Bek Air "Fokker-100" ұшағына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері аяқталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ашық дереккөзден

Қылмыстық іс бойынша 4 мыңнан астам тергеу әрекеттері (2000 тексеру, 1350 жауап алу, 250 алу), 150 сот-медициналық сараптама және арнайы зерттеулер жүргізілген.

“Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде прокуратура Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Бельгия, Германия, Люксембург, Нидерланды және тағы басқа шет мемлекеттерден халықаралық құқықтық көмек көрсету туралы өтініштерге іс үшін маңызы бар қажетті құқықтық-техникалық ақпарат алынды”, – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта процеске қатысушылар сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарымен танысып жатыр.

Бұған дейін Депутаттар Алматы маңында құлаған Bek Air әуе компаниясының ұшағына қатысты тергеуді аяқтауды талап еткен еді. 

Еске салсақ, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі мінген ұшақ апатқа ұшыраған еді.

Bek Air әуе компаниясының ұшағы бетон дуалға құлап, Алматы маңындағы жеке үйді қағып кеткен.

Ұшақ апатынан 12 адам қайтыс болды, 69 адам жарақат алды. 2020 жылы Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық істі тергеумен қатар Талғар ауданы әкімдігінің шенеуніктеріне қатысты жер учаскелерін заңсыз беруге және жер учаскелерінің нысаналы мақсатын заңсыз өзгертуге байланысты екінші қылмыстық іс ашты.

Талқылау