"Бедеулік деген диагноз қойды": Салтанат Байқошқарова жеті жылдан кейін ана атанғанын айтты
Белгілі ЭКҰ дәрігері, репродуктолог Салтанат Байқошқарова тұрмыс құрған кезде бедеулікке ұшырағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Подкастан скриншот
Медицина саласының маманы Kozqaras подкастына берген сұхбатында денсаулығына қатысты қиналғанын есіне алды.
“Тұрмысқа өте ерте шықтым. 2-курс оқып жүріп, 19 жасымда жолдасыммен шаңырақ көтердік. Бірден суық тиіп ауырып, қайта-қайта ауруханаға түсіп, өзім бедеулікпен басым қатты. Тұрмысқа шыққан алғашқы жылдың 11 айында ауруханада жаттым. Ол кезде қазіргідей үш күнде емдеп шығаратын антибиотик жоқ. Сөйтіп, жастайымнан неше түрліні көрдім. Медицина, адам эмбриологиясы, генетика, молекулярлы биология, соның бәрін оқыдым. Университет бітірген кезде, 7 жылдан соң ана болдым. Бедеулік деген диагноз қойды. Бармаған жерім жоқ", – деп ауыр күндерін есіне алды дәрігер.
Сырқатынан айығуға әкесі көмектесіп, шетелден дәрігер алдырған көрінеді.
"Бірде әкем, сол кездегі денсаулық сақтау министрінен: "Ең мықты гинеколог кім?" деп сұрады. Содан Петербургта Завидов деген кісінің бар екенін естідік. Сол кісіні әкем алдыртты. Мен барған жоқпын, ол кісі өзі келді. Қаншама әйел сол кісінің арқасында біраз мәселесін шешті. Маған ол кісі "сенікі қиындау екен, Ленинградқа кел, сол жерде операция жасаймын" деді. Сонымен сол жаққа барып, бірнеше рет емделіп жүріп, 7 жылдан соң ұлды болдық", – деді репродуктолог.
Еске салайық, Баян Мақсатқызы екі қызының дүниеге келуіне көмектескен Салтанат Байқошқароваға алғыс білдірген еді.