BBC-дің бұрынғы тележүргізушісі балалар порнографиясын сақтағанын мойындады
Британиялық телерадиокомпанияның ең танымал тележүргізушілерінің бірі Хью Эдвардс сотта кәмелетке толмаған балалардың әдепсіз суретін сақтағанын айтып, өз кінәсін мойындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Msn.com
62 жастағы жүргізуші қылмыстардың 2020 жылдың желтоқсаны мен 2021 жылдың тамызы аралығында жасалғанын айтты. Оның телефонынан барлығы 41 сурет табылды. Оның ішінде А санатындағы жеті фотосурет (зорлық-зомбылыққа, жыныстық қатынасқа немесе садизмге қатысты), В санатындағы 12 фотосурет және С санатындағы 22 сурет (әдепсіз, жыныстық қатынас жоқ). Фотосуреттер WhatsApp желісінде табылды.
Сотта "А" санатындағы фотосуреттерде 13 пен 15 жас аралығындағы балалар бейнеленгені белгілі болды. Басқа фотосуреттердің бірінде сот баланың жасын 7 мен 9 жас аралығында деп бағалады.
Эдвардс 2020 жылдың желтоқсаны мен 2022 жылдың сәуірі аралығында WhatsApp желісінде ересек адаммен желіде сөйлескенін мойындады. Ол тележүргізушіге 377 сурет, оның ішінде әдепсіз сипаттағы балалардың 41 фотосуретін жіберген. Сондай суреттер соңғы рет 2021 жылдың тамызында жіберілген. Ол жас бала қатысуымен болған А санатындағы фильм еді.
Daily Mail басылымының мәліметінше, Эдвардс жігітке сексуалдық сипаттағы фотосуреттер үшін мыңдаған фунт төлеген.
Эдвардстың адвокаты Филипп Эванс айыпталуышының бұл суреттерді түсірмегенін және жасамағанын айтты. Ол суреттердің тек WhatsApp желісінен табылғанын алға тартты.
“Әдепсіз суреттерге қатысты үш айыпты мойнына ала ма?” деген сауалға Эдвардс “Кінәлімін” деп жауап берді.
Сот 16 қыркүйекте Хью Эдвардсқа үкім шығаратынын мәлімдеді.