Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Базардың орнына саябақ салғысы келген билік саудагерлерді қуып жатыр

Үштөбенің орталық базарындағы кәсіпкерлерді жылы орындарынан қуып жатыр. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл сауда орны қаланың сәнін кетіріп-ақ тұр екен. Сол себепті, оны қаладан алыстау жерге көшіру қажеттігі туындаған. Есесіне, базардың орнына субұрқағы бар саябақ бой көтермек. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Саудагерлер мен шенеуніктердің бөлісе алмай жүргені – «Жетісу» базары.

Сатушылардың алды кем дегенде 15-20 жыл бойы осы жерден табыс тапқан. Айтуларынша, салықты да, жалға алу ақысын да бір күн кешіктірместен төлеп, халықты қажетті заттармен қамтамасыз етіп келеді. Бірақ бұлардың жайбарақат тірлігін әкімдіктің ұйғарымы бұзған көрінеді. Яғни шенеуніктер базардың сүрілетінін ескертіп, саудагерлерден тез арада орындарын босатуды талап еткен.

“Бұл жер біреуге керек болды деген сөз. Енді мұнда 120 адам жұмыс жасайды. Балалар оқытып жатыр осы жерден, нанымызды тауып жеп жатырмыз,кредит төлеп жатыр. Ал енді біз қайда барамыз осы уақытта?”, – дейді жеке кәсіпкер Майра Мұхамедиева.

“20 жылдан артық уақыт осы  базарда тұрамын. Бұл жерден кеткіміз келмесе де, күштеп қуып шықпақшы. Жарайды, мен зейнеткермін, зейнетақы аламын үкіметтен, бірақ осы жерде тек қана зат сатып, күн көріп отырғандар да бар ғой!”, – дейді жеке кәсіпкер Нелля Ким.

Бірақ бұны құлаққа іліп отырған әкімдіктегілер жоқ. Олар керісінше, құжаттарды қаттап, қаланың бас жоспарын бекітіп қойыпты. Соған сәйкес, базардың орнында үштөбеліктер демалатын саябақ пен субұрқақ салынбақ екен. Айтпақшы, шенеуніктердің есіне енді түссе керек, олар базардың осы уақытқа дейін заңсыз жұмыс істегендігін айтып отыр. Ай сайын саудагерлерден ақша жинап отырса да, басшылығында қажетті құжаттар атымен болмапты.

“Қазіргі кезде базар басшыларының ешқандай рұқсат беретін құжаты жоқ. Оны ешқандай орган қабылдап алмаған да. Жалпы, бұл базардың құрылысын да заңдастырмаған. Тіпті әділет орындарында тіркелмепті. Мұның бәрі бірінші инстанциядағы сот кезінде белглі болды”, – дейді  Үштөбе қаласы әкімінің орынбасары Медет Сағатбеков.

Дегенмен, әкімдіктегілер саудагерлерді далаға тастамаймыз дейді. Яғни қаладағы өзге бос тұрған сауда орталықтарынан жеңілдетілген түрде орын бермекші. Бірақ, саудагерлер онда адам аяғы баспайтынын айтып отыр.

Тағы оқыңыз:

Қарағанды облысында топан судың ортасында қалған тұрғындар ауылдан шыға алмай отыр

Жезөкшелерді қамшымен сабаған Жан Ахмадиев: Депутат болсам, біраз нәрсені өзгертер едім

Шымкентте әкесі мен қызын өз үйінде өлтіріп кеткен сол үйдің баласы болып шықты

Өскеменде ойыншық тапаншамен дүкеннен 8 мың теңге ұрлаған тонаушылар видеоға түсіп қалған

Талқылау