Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысындағы дала өртінің аумағы бір күнде екі есе ұлғайып, 6 мың гектарға жетті

Баянауыл ұлттық саябағында болған өрт бүгін таңертең оқшауланды. Бұл туралы жексенбі күні кешке оқиға орнында жүрген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өзінің желідегі парақшасында жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ТЖМ

"Кеше шұғыл түрде дала өртінің Қарағанды облысынан Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ормансыз аумағына өткен Баянауыл ауданына бардым. Өрт шалған жердің аумағы шамамен 6 мың гектарға тең. Жағдай қалың өскен шөптердің және 12-15 м/с екпінді желдің салдарынан өршіп кетті. Өрт ошақтарын жою орнында өңірлік жедел штабтың отырысын өткіздім. Тілсіз жаумен күресуге барлық қажет күштер тартылды: 310 адам, 51 арнайы техника, 2 тікұшақ, 3 ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА) жұмыс істеп жатыр", – деп жазды Павлодар облысының әкімі.

Әкім қазір өрт оқшауланғанын және жою жалғасып жатқанын айтты. 

"Өңірде құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Мұндай өрттердің негізгі себептерінің бірі - шөп шабу кезінде қолданылатын техникалардағы ұшқын сөндіргіш құрылғылардың істемеуі. Сондықтан барлық шаруа қожалықтарынан міндетті түрде ұшқын сөндіргіш құрылғылар болуға тиіс. Қолданыстағы техникаларды тексеруді, сондай-ақ өз шаруашылықтары мен үйлерінің, әсіресе, шөп қоры сақталатын орындардың айналасын уақытында жыртуды сұраймын", – деп талап етті әкім.



Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысы Баянауыл ауданында өрт шыққан еді. Алапат жалынның видеосын желіде өңір тұрғындары бөліскен. Кадрлардан өрт сөндірушілердің алапат өртпен алысып жатқанын, аспанды қара бұлт секілді түтін басқанын байқауға болады. 

 

Талқылау