Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында 9 жасар батыр өрттен екі бауырын құтқарып қалды

Өрттен құтқарған оқушы
Фото: Видеодан скрин

Батыс Қазақстан облысында 9 жасар бала нағыз ерлік көрсетті. Аралтөбе ауылының тұрғыны Бейбарыс Тілекберген өртке оранған үйден екі кіші бауырын аман алып шығып, олардың өмірін сақтап қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Жетінші" арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Батыс Қазақстан облысының Аралтөбе ауылында 9 жасар нағыз батыр бала тұрады. Бейбарыс Тілекберген осы жылдың қысында өртке оранған үйден екі кіші бауырын аман алып шыққан. Ол сын сағатта сасқалақтамай, ерекше ерлік көрсетті.

Ақпан айының аязды күнінде болған оқиға Бейбарыстың әлі күнге дейін егжей-тегжейлі есінде. Ата-анасы жұмыста болғандықтан, ол үйде інілеріне қарап қалған. Кенет электр сымдарының қысқа тұйықталуынан өрт шығып, үйдің іші қою түтінге толған. Көмек келгенше Бейбарыс ең алдымен бауырларын құтқару керек екенін түсінеді. Бейбарыс Тілекберген қорыққанына қарамастан, ол жалын шарпыған үйден інілерін алып шығып үлгерген.

"Өзім де қатты қорықтым. Содан кейін дәлізге шықтық. Екі жастағы інімді жетектеп алып шықтым, ал сегіз айлық бауырымды қолыма көтеріп алдым. Сол кезде үй толықтай жанып жатқан еді", – деді Бейбарыс.

Бейбарыстың ерлігі туралы ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы естігенде, ешкім ерекше таңданбаған. Өйткені ол әрдайым батыл әрі жауапты бала ретінде танылған. Сабақты да үздік оқиды, аудандық және облыстық олимпиадалардың жүлдегері.

Сынып жетекшісі Айнұр Сағынғалидың айтуынша, оның суреті мектептің Құрмет тақтасынан түспейді.

"Ең алдымен, Бейбарыстың өте жауапты, ақылды әрі білімді бала екенін айтқым келеді. Ол бәрін тез меңгереді, достарымен жақсы қарым-қатынаста. Өте мейірімді. Ең басты қасиеті жауапкершілігі. Қандай тапсырма берілсе де, оны бірден орындайды", – деді Айнұр Сағынғали.

Өрттен кейін көпбалалы отбасы баспанасыз қалған. Қазір ауыл тұрғындары оларға жан-жақты көмек көрсетіп жатыр. Сондай-ақ арнайы қор құрылып, оған бейжай қарамайтын азаматтар өз үлестерін қосып жатыр. Бейбарыстың ата-анасы халықтың қолдауымен жаңа үй тұрғызуға үміттенеді. Аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алу және үй салу бағыттары қарастырылғанын айтады.

"Отбасы құрылыс бағытын таңдады. Қазір осы мәселе бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауыл әкімдігі мен экономика және қаржы бөлімі бірлесіп қолдау көрсетеді", – деді аудан әкімінің орынбасары.

Бейбарыс – бес балалы отбасының екінші перзенті. Қазір ол ата-анасы мен бауырларымен бірге уақытша коммуналдық пәтерде тұрып жатыр. Бейбарыстың әкесі Фазыл Қайыр баласын нағыз батыр деп санайды.

"Мұны әкелік мақтанышпен айтып отырған жоқпын. Шынында да, мұндай ерлікке кез келген адам бара бермейді. Ең бастысы, балалар аман қалды. Үй мен дүние-мүлік жанып кетті, бірақ бәріміз тіріміз. Балаларға бірдеңе болғанда не боларын елестетудің өзі қиын", – деді Бейбарыстың әкесі Фазыл Қайыр.

Еске сала кетейік, 27 ақпанға қараған түні Щучье қаласындағы кафеде газ баллоны жарылған еді. Сол кезде жеті адамның қаза тапқаны хабарланған. Кейін құрбандар саны тоғызға жетті. Одан соң жансақтау бөлімінде жатқан тағы екі адам көз жұмды. Сондай-ақ жарылыс пен өрттен зардап шеккен бес адам Астанаға жеткізілгені хабарланған. Олардың төртеуі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына ұшақпен, тағы бірі жерүсті көлігімен жеткізілген.

Айым Атамбаева
Жұма, 29 Мамыр, 2026 10:23