Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстанда көріпкел зейнеткердің 1,9 млн ақшасын жалған ақшамен алмастырып кеткен

Батыс Қазақстан облысы ІІД қызметкерлері ірі алаяқтық жасады деген күдікке ілінген әйелді қолға түсірді. Денесіндегі аурулардан айықтыруды сылтауратқан ол зейнеткерді өзіне көп ақша беруге мәжбүр еткен және денені "тазарту" рәсімінен кейін ақшаларды жалған ақшалармен алмастырып қойған. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі "Мой город" сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Алаяқтық әрекет 23 тамызда Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Ақжайық ауылында жасалған.

"82 жастағы кейуананың үйде отырған жеріне сыған ұлтындағы әйел келіп, оның жағдайын тексеріп беруді ұсынады. Жәбірленушінің айтуынша, сыған оның денесінде зақым мен түрлі аурулардың бар екенін айтып, оның бәрін алып тастап, тазалай алатынын айтқан. Ол әйелді ессіз күйге түсіріп, үйдегі барлық ақшаны көрсетуді сұраған. Содан кейін ол егде жастағы анаға емнің пайдасын бұзбас үшін ешкіммен сөйлеспеуді тапсырады. Арам ойын іске асырған сыған әйел осыдан соң бейтаныс азаматтың көлігіне отырады да, кетіп қалады. Кейін ол азамат әйелдің 23 жастағы ұлы екені белгілі болды", – деп түсіндірді БҚО полиция қылмыскерлері.

Зейнеткердің ақшаларын жалған ақшамен алмастырып кеткенін жәбірленушінің күйеуі білген. Ол ақшаны жақын жердегі сауда нүктесіне апарып, сканерден өткізіп тексеріп көреді. Отбасының ішпей-жемей жинаған 1,9 млн ақшалары жалған болып шығады.

"Ұстау жоспарлары әзірленіп, алаяқтардың жолы бейнебақылау жүйелерінің көмегімен анықталды. Сол түні оларды БҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері полиция бөліміне жеткізеді. Ұрланған қаражаттар жартылай тәркіленді", – деп хабарлады департаменттің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің "Алаяқтық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Талқылау