Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйел миында 38 паразиттің барын тек 10 жылдан кейін білген

Әйел паразит
Фото: timesofindia.indiatimes.com

42 жастағы британдық Лоури Денман Үндістандағы демалысынан кейін миында 38 паразитпен он жыл өмір сүрген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Times of India басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

2007 жылы Денман Үндістанға сапарлап барып, сол жерде вегетариандық тағамдарды тұтынған. Сапардан кейінгі төрт жыл бойы ол өзін қалыпты сезінген. Тек 2011 жылы оның ағзасынан ұзындығы бір метрден асатын таспа құрт шыққан.

Дәрігерлер қажетті ем жүргізіп, әйел толық сауығып кетті деп есептеген. Алайда осы уақытқа дейін паразиттің жұмыртқалары оның миына еніп үлгерген еді.

Біраз уақыттан кейін әйел қатты бас ауруына шағымданып, кейіннен эпилепсия ұстамалары басталған. Жүргізілген МРТ зерттеуі оның миында шошқа цепенінің 38 дернәсілі бар екенін анықтаған. Олар жүйке жүйесінде кисталардың пайда болуына себеп болған. Бұл сирек кездесетін ауру нейроцистицеркоз деп аталады. Оны лас қол немесе ластанған тағам арқылы жұқтыруға болады.

Дәрігерлердің айтуынша, емнің өзі аурудан ауыр болған. Күшті паразитке қарсы препараттар мен стероидтар мида ісіктердің пайда болуына әкелсе, метотрексат препараты әйелдің ағзасын қатты әлсіреткен. Сондай-ақ ол үрей ұстамаларына, паранойяға және психозға себеп болып, 2016 жылы Денман психиатриялық клиникаға түскен.

Тек 2017 жылы оның құрысу ұстамалары тоқтаған. Паразиттердің қалдықтары мида кальцинат түрінде сақталғанымен, енді өміріне қауіп төндірмейді.

Қазір Лоури Денман "38 паразит" атты подкаст жүргізіп, аурулар туралы ағартушылық сериал түсіруге қаражат жинап жүр. Оның мақсаты – саяхатшыларды көзге көрінбейтін қауіптер туралы ескерту және осындай жағдайлардың алдын алу.

Назархан Уән
Жексенбі, 05 Шілде, 2026 19:27