17 сәуірде Жайық өзенінде су тасқынының шарықтау шегі басталады: Вице-министр жағдайды тексеріп шықты
Орынбордағы Жайық өзені суы 10 сағаттан бері көтерілген жоқ. Таңертең су деңгейі 1187 см болған. Жергілікті биліктің Риа Новости басылымына сілтеме жасап мәлімдеуінше, бұл – қауіпті көрсеткіш. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Риа Новости
Сонымен қатар трансшекаралық өзеннің бойымен Батыс Қазақстан да жағдайды бақылап, су тасқынының екінші соққысына дайындалып жатыр. Болжам бойынша, үлкен су Оралға жетуі мүмкін.
Вице-премьер, су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штаб жетекшісінің орынбасары Қанат Бозымбаев Орал мен Жайық өзені арнасының РФ шекарасына дейінгі аралығын тікұшақпен қарап шықты.
Фото: primeminister.kz
13 сәуірде Жайық өзеніндегі Орал гидрологиялық бекетінде су деңгейі 743 см-ге дейін көтерілді, қауіпті деңгей 850 см болды. Облыстың ішкі өзендерінің көбінде су тасқыны шарықтау шегіне жетті.
“17 сәуірде Январцево ауылының су қоймасы арқылы Ресей Федерациясынан келетін судың салдарынан Жайық өзенінде су тасқынының шарықтау шегі басталуы мүмкін делінді. 20-21 сәуірде Оралға су келеді деп болжанып отыр. Осыған байланысты Қанат Бозымбаев су тасқынына дайындалу үшін БҚО-ға қосымша 750 бірлік техника тартуды тапсырды, оның 100-і Жайық өзенінің жоғары ағысы бойынша елді мекендерге, 500-і Орал және 150-і өзеннің төмен ағысына арналған. Бұдан басқа елді мекендердің айналасындағы бөгеттер мен бөгет құрылыстарын нығайтуды тапсырды”, – деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Қазір құтқару жұмыстарына 6533 адам жұмылдырылған. 915 техника, 21 су айдау құралы, 32 жүзу құралы, 5 әуе кемесі тартылды.
Айта кетейік, Қазақстанның екі облысында су тасқынының екінші кезеңі күтілетіні хабарланды.
Батыс Қазақстан облысында жаңбыр жауады. Сақмар өзенінің деңгейі көтеріле бастады. Болжам бойынша, Жайық және Сақмар өзендерінің жоғарғы жағынан сәуір айының екінші онкүндігінде Батыс Қазақстан облысының аумағына су келеді. Қазір Орал қаласындағы Жайық өзеніндегі су деңгейі – 728 см, ол 850 см қауіпті межеге жақындайды деп болжанып отыр.
Батыс Қазақстан облысынан судың келуіне байланысты Атырау облысында өткен тәулікте Жайық өзеніндегі гидробекеттерде де су деңгейінің шамалы көтерілуі байқалады. Сәуірдің үшінші онкүндігінде үлкен су келуі болжанды.