"Батылдығын дәлелдегісі келген": Алматыда күнқағардан құлаған алты жасар баланың оқиғасына қатысты тың дерек айтылды
Алматыда алты жасар бала тұрғын үйдің күнқағарынан құлап, мерт болды. Тұрғындар болған оқиғаны айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Түсірілімнен скриншот
Мегаполиске ол Атыраудан жаттықтырушымен бірге грэпплинг турниріне келген. Олар тұрғын үй кешенінің бірінде пәтер жалдаған.
Бес жас спортшы дүкенге сұранып, кеткен. Жолда бала шатырға мініп, күнқағардан секірді. Сол жерге келген дәрігерлер баланы құтқара алмады.
Тұрғындар бұл жағдайдан соң есеңгіреп қалды. Олар бұл жерде бұрын кішкентай қыздың зардап шеккенін, бақытына орай тірі қалғанын айтты. Пәтер иелері кооперативінен осы жағдай қайталанбауы үшін шаралар қолдануын сұрайды.
“Балалар ойнауға шықты, бұл жерде ойын әткеншегі бар. Бесеуі дүкенге кіреді. Жолда біреуі өзінің батылдығын, ептілігін көрсетпек болып, секірген. Нәтижесінде құлап көз жұмды”, – деді қала тұрғыны Бақыт Рахып.
Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтауда. Іс кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау бабы бойынша қозғалды.
Алматыда тұрғын үй кешенінде алты жасар бала шатырдан құлап кетіп, мерт болғаны хабарланды.