Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басқа жерде оқығымыз келмейді": Алматыда лицензиясынан айырылған академия студенттері министрлікке жанайқайларын жеткізді

Таяуда ғана бас лицензиясынан айырылған Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының бір топ студенті мен профессоры білім министріне жанайқайларын жеткізді. Студенттер министрге "бізді арманымыздан айырасыз", десе, оқытушылар құрамы: "қолдан жасалып жатқан кедергілерді алып тастасын" деп үн қатты. Олардың пікірінше, небәрі төрт-ақ күнде төрт адамнан тұратын комиссияның 90 жылдық тарихы бар академияны лицензиясынан айыру туралы шешім шығаруы негізсіз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Диплом алуға дайындалып жүрген 4 курс студенттерін жағымсыз жаңалық есеңгіретіп тастаған. Олар "биыл өзіміздің оқу орнымыздан диплом алуға рұқсат беріңіздері" деп білім министрлігінен араша сұрады. 

"Құрметті, министр мырза, біз осы университетке түскелі бері барлық армандарымызды, барлық мақсаттарымызды орындап келеміз. Менің айтарым, біздің академияны жаппаңыздар. Біз басқа жерде оқығымыз келмейді. Біздің болашағымыз академиямен ғана байланысты", - деді студент Гаухар Анар.

"Болашағы мен бүгіні осы академиямен байланысты" деген профессорлар 5500 адам далада қалғалы тұр деп алаңдаулы. Олар оқу орнын лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдаған комиссияның құрамына күмәнмен қарайды.

"Транспорт мамандары текреуі керек қой, ішкі істер министрлігінің қызметкері, полковнигі қалай техника саласының мамандарын тексере алады немесе гуманитарлық маман жіберілген. Ертең медициналық оқу орнын тексеруге үш транспорт саласының маманын жіберіп жатса, таңқалмаймын", - деді профессор Байыр Досқараев.

Ал ЖОО ректоры тексеру комиссиясы анықтаған профессорлық-оқытушылық құрамның біраз бөлігі конкурстан өтпегеніне қатысты шешіммен келіспейді. Айтуынша, комиссия оқытушлардың 10-15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын растайтын құжаттарды ескермеген.

"Магистратура мамандықтар және шетелдік студенттердің негізгі ақпараттық жүйеге енгізілу барысы, тағы да басқа нәтижелерге байланысты, конкурстан өткен профессорлық-оқытушылық құрамы төмен деген", - деді М. Тынышпаев атындағы ҚазККА ректоры Салтанат Әмірғалиева.

Алайда, білім және ғылым министрлігіндегілер тексеруге барғандардың транспорт саласының маманы болуы міндетті емес екенін айтады. Ал сот шешімі шықпай лицензияны қайтару, қайтармау туралы айту ерте деді.

"Лицензиясы кері қайтарылады деп айта алмаймыз, себебі ол академияның қазір лицензиясы қолында. Біздің комитеттің қабылдаған қаулысы әлі күшін енген жоқ. Академия құқығын пайдаланып, сотқа жүгініп отыр", - деді сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Жұмашев.

Талқылау