"Басынан күрекпен ұрған": Қарағандыда 3 жасар баланы өгей әкесі аяусыз соққыға жыққан
Қарағандыда 3 жасар баланы өгей әкесі аяусыз ұрып соққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: tvcenter.ru
Қарағанды облысының Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сотының мәліметінше, бала анасымен және оның азаматтық некедегі күйеуімен бірге тұрған. Отбасында одан басқа екі үлкен бала мен 8 айлық сәби болған.
Баланың соққыға жығылғаны туралы хабарлама Киров полиция бөліміне өткен жылдың шілде айында түскен.
Анасының серіктесі баланың басынан бірнеше рет күрекпен ұрған. Оқиғаға куә болған көршілер жедел жәрдем шақырған. Жедел жәрдем келген кезде баланы басы мен мұрнынан қан кеткен. Бұл кезде анасы мен оның азаматтық некедегі күйеуі мас болған. Полицейлер оларды наркологиялық орталыққа жеткізді. Көршілері бұл отбасының ішімдікке құмар екенін, балалардың жағдайы жасалмағанын айтты.
Дәрігерлер зардап шеккен нәрестені тексеріп, бас терісінде, бетінде, ішінде және аяқ-қолдарында көптеген жарақаттар барын анықтады. Соққылар мен азаптаулардың жүйелі түрде болғаны атап өтілді. Сондай-ақ бала тамақтанбаған және дамуы тежелген. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін зардап шегуші "Шапағат" балалар үйіне, ал үлкен балалары "Таңшолпан" отбасын қолдау орталығына жіберілді.
"Осы оқиғадан кейін анасы балаларын іздеп бармаған. Оған қатысты кодекстің 127-бабының 1-бөлігімен ата-ананың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 10 АЕК (36 920 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Сот отырысында анасының немқұрайлы әрекеті нәтижесінде өгей әкенің қатыгездік көрсету фактісі дәлелденді. Сот анасының өмірі мен денсаулығына қауіп төнген балалардың құқықтарын қорғау шараларын қолданбағанын, сондай-ақ олардың толыққанды дамуы үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз етпегенін анықтады", - делінген хабарламада.
Өгей әкенің қатыгездік танытқанын біле тұра, жас баланың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін дер кезінде шара қолданбаған полиция қызметкерлеріне қатысты сот жеке ұйғарым шығарды. Соттың айтуынша, олардың профилактикалық жұмыстары формальды сипатта болған.
“Балаларға қамқорлық жасау және тәрбиелеу ата-ананың құқығы да, міндеті де. Бұл Конституцияның 27-бабының 2-тармағында ( Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың құқығы әрi мiндетi) бекітілген. 127-баптың 1-бөлігінің (Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және оларға білім беру, олардың құқықтарын және мүдделерін қорғау жөнiндегi, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағуы) талаптары бойынша ата-аналардың бұл міндетті орындамауы 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Заңының 10-бабына сәйкес әрбір баланың толық дене, психикалық, адамгершілік және рухани дамуына құқығы бар. Сондай-ақ, сол заңның 12-бабына сәйкес өмір сүру құқығы, жеке бас бостандығы, қадір-қасиетіне және жеке өміріне қол сұғылмауы керек”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында белгісіз ер адам төрт баланы азаптағаны туралы жазған едік. Ол балалардың қолын байлап, ұрып-соғып, азаптаған.