Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басынан бөтелкемен бір қойған": Ерболат Төлегенов Қайрат Нұртаспен ерегесіп қалғанын айтты

Шімән апа образымен көпшілікке таныс Ерболат Төлегенов Қайрат Нұртаспен ерегесіп қалғанын мойындады. Ел аузында "Қайрат Ерболаттың басынан бөтелкемен бір ұрды" деген алып-қашпа әңгіме тарады. Оқиғаның ақ-қарасын әзілештің өзі түсіндіріп берді. 

Бұл туралы "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында айтылды. 

Ерболат Төлегенов көпшілікке Шімән апа рөлімен таныс. Сахнаға шыққанына көп уақыт болмаса да, бүгінде өз көрермені, жанкүйері бар. Сахнадан бөлек кино сериалдарда, тойларда, әлеуметтік желіде бой көрсетіп жүр. Ара-тұра вайн түсіреді. Бірнеше әні ел аузында. 

Шімән апамен желіде ерегіскен, сөз таластырған танымал жандар бар. Бұл жолы әзілкеш танымал өнер өкілдерімен бетпе-бет ерегіскен сәтін еске алды. 

"Қайрат Нұртаспен ерегіскен кезімді көпшілік өтірік әңгімеге айналдырыпты. Қайраттың менің басымнан бөтелкемен ұрғаны өтірік. Ондай болған емес. Мүмкін бөтелені жай лақтырып қалып, маған тиіп кеткен шығар. Ондай төбелес болған жоқ. Тек жай ғана сөзбен келіспей қалдық. Мен Қайратқа "сенен 10-15 жас үлкен болмасам да, 5 жастай үлкендігім бар. Сондықтан жасымды сыйла" дедім. Іні жақсы болса, ағасы да жақсы жүреді. Сол күйі әрі қарай түсінісіп, сөйлесіп кеттік. Сонда жүрген жігіттер арашалап алды", - деді Ерболат Төлегенов.

Әзілкеш бұдан бөлек те түсінбестіктер болғанын мойындайды. 

"Музарт ансамбліндегі Ерлан аға мені жақтырмайтынын, менің өнерімді құп көрмейтінін айтып қалды. Мен оған қарсы ешнәрсе айтқан жоқпын. Өзіңіз білесіз дедім. Бақыт Беделханмен келіспей қалғанымыз рас. Сахна сыртында тұрғанымызда бір жігіт менің өнерімді бағалайтынын айтып жатты. Сонда қасында тұрған Бақыт Беделхан "қашан еркек болатынын сұрашы" деді. Ол сөз менің көңіліме тиіп қалды. Бірден жауап айттым. Андағы әңгімеңіз артық дедім. Ерегескендей болдық. Қазір аманымыз түзу", - деді әзілкеш. 

Төлегенов желі арқылы тележүргізуші Бибігүл Дәулетбекқызымен сөз таластырғаны есімізде. "Қатын болып жүрген жеріңнен адам қылдым" деген тележүргізушіні Төлегенов өзінше әшкереледі. Ерболат мырза қазір ол тақырыпта мүлде әңгіме қозғағысы келмейді. 

Талқылау