Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бас бостандығы шектеледі: Мәжіліс депутаты TikTok-тағы онлайн-ойындарды бұғаттауды ұсынды

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев желіде заңсыз құмар ойындар ұйымдастыратын TikТok қолданушыларын бұғаттауға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: smh.com.au

Ойын бизнесі мәселелері бойынша заң жобасын талқылау барысында мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Қазақстанда TikTok-та ұйымдастырылатын құмар ойындардың заңсыз онлайн-трансляциясы мәселесі қалай шешілетінін сұрады.

"Негізінен қатысушыларға ақша тігіп, карта ойнау, кубик, онлайн рулетка ойнау немесе ставка қою ұсынылады. Төлем қабылдап, ұтыстарды беру банктік онлайн аударымдар арқылы жүзеге асырылады. Мұндай заңсыз ойындарды ұйымдастырушылар жазасыз қалып жатады, құзыретті органдар оларға ешқандай кедергі жасамайды. TikTok-тың негізгі қолданушылары жастар, балалар екенін атап өткім келеді. Біз оларды құмар ойындар жарнамасынан қорғауға міндеттіміз. Осыған байланысты менің сұрағым: азаматтарымызды осындай аккаунттардан қорғау үшін қандай шектеу қоюға болады?" – деп сұрады Смирнова.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтың айтуынша, Қазақстан бұл мәселемен күресіп келеді. Әлеуметтік желілермен, соның ішінде TikTok-пен тығыз жұмыс атқарылып, олар заңсыз сайттар мен сілтемелерді өз бетінше бұғаттап отыр.

"Біздің азаматтарымыз, өкінішке қарай, ақша алып алатын алаяқтардың қарапайым алгоритмдеріне жиі түсіп қалады (...) Олар (сілтемелер) күн сайын жасалады, біз бір күн ішінде шамамен 150-ін жойсақ, олар сағат сайын қайта жасалады. Кейде жойып үлгермейміз. Оларды бұғаттап жатқанда ондаған есе көп жаңасы пайда болып жатады", – деді Ысқақов.

Оның айтуынша, заңсыз контент көбіне шетелде жасалады, бұл алаяқтық схемалардың авторлары мен бастамашыларын табуды қиындатады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Алан Алдажұманов комитет ойындарды заңсыз ұйымдастыратын интернет-ресурстарға мониторинг жүргізіп жатқанын айтты.

"Комитеттің техникалық мүмкіндігі осы ресурстарды жабу үшін қолданылады. Сонымен бірге жедел жұмыс жүргізіліп жатыр. Ақпарат жабық екенін айта кетейік", – деді Алдажұманов.

Өз кезегінде депутат Елнұр Бейсенбаев TikTok-та құмар ойындардың көрсетілімін ұйымдастыратын барлық аккаунтты бұғаттауды ұсынды.

"TikTok-тағы бұл ойындардың барлығын қазақстандықтар ұйымдастырады. Бұған тыйым салынған. Онда екі жылға дейін бас бостандығын шектеу туралы заңнамалық жауапкершілік, сондай-ақ үлкен айыппұл қарастырылған. Мұны халыққа жеткізу керек. TikTok-та отырған ойын құмарлардың бәрі оларды бұғаттау керек екенін және бұл әрекет заңсыз екенін түсінуі керек", – деді мәжілісмен.

Айта кетейік, Қазақстанда блогерлер мен БАҚ беттерінде құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салынбақ.

Бүгін мәжіліс отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Талқылау