Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мені құтқарған марафон мен спорт": Бір кездері ішімдікке тәуелді болған қазақстандықтың салауатты өмір салтына қалай оралды

алкогольге тәуелді адам
Фото: depositphotos.com

Мамандар алкогольге тәуелділік адамның денсаулығына ғана емес, психологиялық жағдайына, отбасысы мен әлеуметтік өміріне де ауыр әсер ететін созылмалы дерт екенін айтады. Көп жағдайда ол "мерекеде ғана ішемін", "мәдениетті түрде ішемін" деген зиянсыз көрінетін әдеттен басталады. Осындай ойда жүріп 35 жастағы Азамат та жұмысы, мансабы мен жақындарының сенімінен қалай айрылып қалғанын байқамай қалған. Дегенмен бүгінде салаутты өмір салтын жанына серік еткен Азамат тәуелділіктен құтылу жолына қалай келгенін Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

“Аула, жігіттер, еліктеу: Ол кезде 14 жаста едім” 

Азамат мектепте жасөспірім кезінде қызығушылықпен осындай қателікке барғанын айтады. 14 жасында ол өзінен үлкен жігіттерге еліктеген.

“Шамамен 7-8-сыныпта көңілің алып ұшып тұрған шақта аула, ішімдік, темекі дегенге қызыға бастадық. Балалармен өзімізден үлкен жігіттерге қарап, есеюге ұмтылатынбыз. Осылай алғаш ішімдіктің дәмін көрдім. Алайда уақыт өткен сайын ол әдетке айнала бастағанын өзім де байқамаппын. Кейін тіпті өзімді ақтау үшін "мәдениетті түрде ішуге болады" деген қате түсінік қалыптастырдым. 

Есейдім, ел сияқты өмір сүріп жүрсем де жұма және сенбі күндері ішуге асығатынмын. Дегенмен жұмысым мен жауапкершілігім болды. Дегенмен бұл тәуелділік күшейе берді. Әуелі күнара, кейін күн сайын ішетін болдым. Ал 30 жасымда ішкіш екенімді анық түсіндім. Мені өте жақсы, болашағы бар компаниядан жұмыстан шығарды”, – деп баяндады ол. 

Ер осылайша отбасы мен достарынан да алшақтай бастағанын алға тартты. 

“Мен шаңырақ құрмағанмын. Әйелім, бала-шағам жоқ. Әйтпесе менің сол кездегі әрекетім олардың өміріне үлкен кесір болар еді. Дегенмен бәрібір ата-анам, жақындарым, достарыммен қарым-қатынасым қатты зардап шекті.

Арақты бас жазу үшін іше бастадым. Ал бірнеше күнге созылатын ішімдік кезеңдері бір айдан, тіпті бір жарым айға дейін күн сайын тоқтаусыз ішуге ұласты. Барлық жинаған ақшам тек алкогольге кететін. Тамақтануды да қойдым. Бірнеше күн, тіпті бір апта бойы тамақ ішпей, тек ішімдік болғанын қалайтынмын. Осылайша, бір сәтте мүлде жалғыз қалдым. Үйге тығылып, телефонды өшіріп, адамдардан қашып, жалғыз өзім ішетін болдым. Осындай толық оқшауланған күйде шамамен екі жыл өмір сүрдім”, – деді ол.

“Мені құтқарған марафон мен спорт” 

30 жасқа келгенде Азамат өмірінің құрдымға кетіп бара жатқанын, айналасында көмек беретін адам жоқ екенін, жалғыздықты сезінген. Осыдан соң ол есін жиюға тырысқан. 

“Өз еркіммен оңалту орталығына бардым. Ең ауыры өзімнің ішкіш екенімді мойындау болды. Себебі орталыққа келген соң осындай шындықпен бетпе-бет келіп, оянуға тура келеді. Осында келіп көп нәрсені түсіндім, 30 жасымда бағдарламадан өтіп, білім жинап, жаңа тәсілдерді өмірде қолдана бастадым. Сол кезде алкогольдің маған енді қажет емес екенін түсіндім. Өмірде қуаныш сыйлайтын басқа да көптеген нәрсе бар: тауға шығу, кино көру, кітап оқу. Осылайша жаймен қоғаммен араласа бастадым”, – деп қосты ол.

Азамат тіпті өз дертінің емін тауып, өзін жақсырақ түсіну үшін университетке клиникалық психология мамандығына түскен. 

“Бұдан соң назарым спортқа ауыса бастады. Тіпті мені бұл тәуелділіктен спорт құтқарды десем болады. Алғашқы қадамым өте қарапайым болды — жаяу жүру. Әуелде күніне үш мың қадам ғана жүретінмін. Біртіндеп ағзам қозғалысқа бейімделе бастады. Қан қысымым әр жүрген сайын көтерілмейтін болды. Уақыт өте келе күнделікті жүрісімді жиырма мың қадамға дейін жеткіздім. Жағдайым жақсарған соң марафоншылар қауымдастығына қосылдым. Сол жерде өз-өзін дамытуға ұмтылатын, денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын адамдарды көрдім. Сонда бір нәрсені анық түсіндім салауатты өмір салты өмірің мен өзіңе деген махаббатты оятатын үлкен күш екен”,  – деді ол. 

Бүгінде Азамат кәсіби түрде марафонға қатысып біраз ауыр атлетикамен айналысып, біраз жетістікке жеткен. Ол спорттан бөлек, ішімдікке тәуелділігі бар адамдарға көмектесіп жүр. Айтуынша өз тәжірибелері арқылы өзгелерге психологиялық қолдау береді. 

"Тәуелді адамдарға арналған қолдау топтары да маңызды рөл атқарады. Себебі дәл осындай жағдайды бастан өткерген адамдар ғана бір-бірін толық түсіне алады. Топтық кездесулерде басқа адамдардың оқиғасын тыңдап, олардың өмірі өзіңнің өміріңді айнадай көрсететінін түсінесің. Бұл – қиын сәтте жалғыз қалдырмайтын орта. Кез келген уақытта тәлімгерге хабарласып, қолдау сұрауға болады. Көп адам мұны бағаламайды, бірақ бұл шынымен жұмыс істейді", – деді Азамат.

“Қаражаты жоқтар да емделе алады: Мемлекет алкоголге тәуелділікпен қалай күресуде”

Осы тұста Азамат мемлекеттік оңалту және детоксикация бағдарламалары жеке орталықтарға қаржысы жетпейтін адамдарды шынымен құтқаратынын ашып айтты.

“ Науқастар алдымен детоксикациядан (1-2 апта) өтеді. Кейін мамандар мен еріктілердің қатысуымен оңалту және қоғамға қайта бейімделу кезеңінен өтеді. Мемлекет қайта азаматтардың қалпына келуіне мүмкіндік береді. Бұл осындай дерттегілерге үлкен қолдау”, – деп қорытты ол.

Қазақстанда ішімдікке тәуелділікке қарсы жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Мәселен елімізде мектеп, оқу орындарында түсіндірме жұмыстарынан бастап, ішімдік саудасына дейін бақылауға алынған. 21 жасқа толмағандарға ішімдік сатылмайды және кәсіп иелері де осы тұста жиі тексерістен өтеді. Себебі алкоголь өнімдерін сату уақыты 21:00, 23:00-ге дейін. Одан бөлек, алкоголь өнімдеріне акциз салығы салынған. Бұл өнімдерге қолжетімділікті төмендетеді. Сонымен қатар еліміздің барлық өңірінде азаматтарды тәуелділіктен арылтып, қоғам қатарына қосу үшін оңалту орталықтары жұмыс істеп тұр.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 24 Шілде, 2026 09:00