"Бәрі біз ойлағандай оңай емес": Қытайда сотталған Ақжарқын Тұрлыбай елге қайтарыла ма
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Қытайда есірткі контрабандасы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың елге қашан қайтарылатынына пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Адвокат Сұңқар Нұрмағанбетовтың Facebook парақшасынан
Сенат кулуарында БАҚ өкілі Ақжарқын Тұрлыбайдың елге қайтарылғаны жөнінде түрлі ақпарат тарап жатқанын айтып, оның қаншалықты шындыққа жанасатыны жайында сұрады.
Ғалымжан Қойгелдиев Қазақстан азаматшасын елге қайтару мәселесі бір сәтке де тоқтамағанын айтады.
"Ақжарқын Тұрлыбай жайын айтсам, біз сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, Қазақстан азаматшасын Қытайдан қайтаруға бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Ол жұмысты тоқтатқанымыз жоқ, белсенді түрде атқарылып жатыр. Жақын арада оң шешім табады деп сенемін. Бәрі біз ойлағандай оңай емес", – деді.
Спикердің айтуынша, Ақжарқын Тұрлыбай жазасын елге келіп өтеуге қатысты бас прокуратураға арыз түсірген. Сондай-ақ онымен адвокаты тұрақты түрде байланыста екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін 2015 жылдың маусым айында Гуандун соты Тұрлыбайды есірткі контрабандасы үшін айыптап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. 2021 жылы Қытай Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстан Республикасына экстрадициялаудан бас тартты.