Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Балқаштағы орындық пен қоқыс жәшігінен тұратын "жаңа демалыс аймағы" қазақстандықтардың күлкісіне қалды

Әлеуметтік желілерде "Балқаштағы жаңа демалыс аймағы" қызу талқыланып жатыр. Алайда бұл аймақ жай ғана орындық пен қоқыс жәшігінен тұратыны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: "Солтүстік Прибалқашье" газеті

Instagram-дағы "Солтүстік Прибалқашье" газетінің жариялаған суреттер желі қолданушыларының назарын аударды.

"Біздің қалада қыста да қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмысы жалғасып жатыр. Жуырда Әбуғалиев көшесінде (бұрынғы Мира) заманауи көше орындықтары мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Олардың қаншалықты ыңғайлы екенін тұрғындар көктемде, күн жылынғанда бағалайды. Әзірге, бұл жаңалыққа қуанудан басқа амал жоқ", – делінген жарияланымда.

Материалдың тақырыбы "Балқашта жаңа демалыс орындары пайда болды" деп қойылғаны да ерекше назар аудартты. Instagram қолданушылары бірден пікір жазып, жағдайды әзілмен қабылдады.

"Жазда бүкіл отбасымызбен демаламыз", "Балқашқа барғанда міндетті түрде отырамын", "Шынымды айтсам, осыған дейін Балқашқа барудың мәні жоқ еді, енді мүлде басқа жағдай. Тіпті көшіп кетуді ойлап қалдық", "Өте ауқымды жоба. Жарайсыңдар, халық бағалайды", "Ресми ашылуы бола ма?", "Бізді еркелетіп жатырсыздар", "Орынды алдын ала алып қоюға бола ма?", "Керемет, тойдан кейін бірден сонда барып демаламыз", "Бұл жерге турлар бар ма?" – деп жазды оқырмандар.

Бұл жағдайға Балқаш әкімдігінің баспасөз қызметі де түсініктеме берді.

"Қаладағы өзгерістерге қызығушылықтың бұлай артуы тұрғындардың жаңашылдықты байқап, пікір білдіретінін көрсетеді. Бұл бізді қуантады. Сонымен қатар биыл 16 ауланы жаңа дизайнмен абаттандыру, заманауи автобус аялдамаларын, LED-экрандарды орнату және басқа да маңызды жұмыстар жоспарланғанын хабарлаймыз", – деді әкімдік өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы метрополитен бастығы Алмас Орынбеков тұрғындардың наразылығын тудырған қоршаулардың уақытша орнатылғанын айтты. Айтуынша, бұл қоршаулар тұрақты платформалық есіктері пайда болғанша уақытша орнатылды. Метрополитен директоры қолданыстағы станцияларды жобалау кезіндегі құжаттарда автоматтандырылған есіктер қарастырылмағанын түсіндірді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 11 Наурыз, 2025 14:34
Талқылау