Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баланың бұғанасын сындырған": Оқу-ағарту министрлігі балабақшаларға қатысты қандай шағымдар түсетінін айтты

Оқу-ағарту министрлігі жеке меншік балабақшалардың жұмысына қатысты арыз-шағымдар күн сайын түсетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, ата-аналардан тәрбиешілердің балаларға қол жұмсауына, денсаулығына зиян келтіруге, сондай-ақ балабақшада балаларға жасалған сапасыз жағдайға және кейбір жекеменшік балабақшалардың жосықсыз жұмысына қатысты шағымдар жиі түседі. Ата-аналар балабақшалардың қызметін ешкім реттемейтінін айтып, шара қолдануды талап етеді. 

"Мәселен, Қостанайда балабақша тәрбиешісі үш жасар бүлдіршінді ұрғанда баланың бұғанасы сынып кеткен. Тәрбиеші жұмыстан босатылды. Ал балабақша директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - делінген ресми хабарламада.

Орал қаласындағы жекеменшік балабақшаның тәрбиешісі де кішкентай қызды соққыға жыққан. Тағы бір жекеменшік балабақша бірнеше баланы ұрған. Олар қорқып, бірнеше ай бойы ата-анасына ештеңе айтпаған. Тәрбиеші қатаң жаза қолданамын деп қорқытқан. Қазіргі кезде балабақша қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі кезде білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық басқармаларға балабақшадағы бүлдіршіндердің түрлі жарақаттары туралы ақпарат күн сайын түсіп жатыр. Осының өзі педагогтердің балаларға дұрыс қарамайтынын көрсетіп отыр. Бүлдіршіндерді қараусыз қалдыру фактілері де аз емес. Балалар далаға өз бетімен шығып кетеді. Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенованың айтуынша, лицензия беру тәртібі осы саладағы құқық бұзушылықтарды азайтуға және балабақшалардың жұмысын ретке келтіруге көмектеседі.

"Бұл балалардың балабақшадағы қауіпсіздігін жақсартады. Егер балабақша талапқа сай болса, онда қысқа уақыт ішінде цифрлы лицензия алады. Ал егер сай болмаса, кемшіліктерді жоюға уақыт беріледі. Лицензия беру талаптары қарапайым. Одан қорқудың қажеті жоқ. Жұмыс істеп тұрған балабақшалардың басым көпшілігі лицензияны оңай ала алады. Біз балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтамасыз етуге мүдделіміз", – дейді Көбенова.

Талқылау