Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Періштесі қақты": Алматыда ер адам өзенге құлаған баланы құтқарып қалды

Әлеуметтік желіде өзенге құлаған баланы киім-кешегін шешпей, құтқарған ер адамның әрекеті көпті сүйсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Видеокадрдан ер адамның киім-кешегін шешпестен баланы судан шығарып алғанын көруге болады. Судан аман шыққан баланың "Рахмет, аға!” деп алғыс айтқаны да естіледі.

Оқиға 27 қазан күні болған. Ер адамның айтуынша, бала лас суды көп жұтып қойған.

"Барлығыңызға рақмет! Сіздерге де Алланың нұры жаусын! Менің орнымда басқа бір адам болғанда да осылай жәрдем беріп, батып жатқан бүлдіршінге алғашқы көмегін беріп, қолынан келгенін аямайтыны анық", – деп жазды құтқарушының өзі.

Ал оқырмандардың пікірі екіге жарылды. Бірі баланың ата-анасына шүйліксе, енді бірі құтқарқан азаматты марапаттау керек екенін айтты.

"Жарайсың. Оны марапаттау керек. Баланы періштесі қақты", "Бұған мемлекет назар аударарына күмәнім бар... Оның парақшасын табайық, өзіміз марапаттайық?", "Жаным-ау кішкентай болып рақмет жаудырып жатыр. Жігітке көп рақмет", "Ең бастысы нәтиже! Осындай дүрбелеңде және төтенше жағдайларда ең бастысы саспау қажет", "Жаным, әбден қоркып қалыпты ғой", "Біз оған ақшалай сыйлық беріп, балалардың ата-аналарына айыппұл салуымыз керек. Сонда бұл оларға сабақ болады", – деді қолданушылар.



Еске салайық, бұған дейін Шымкентте қарапайым қызметкер тұтас бір отбасыны құтқарып қалғанын жазған едік. 14 қазанда Ермахан Маңқараев қоңырау шалған адамның үйіне барған. Газ жабдықтарын тексерген. Сол кезде үйден көміртегі тотығының жоғары деңгейін байқап, дереу әрекет еткен. Пәтер иесінің айтуынша, олар бірдеңе айтқысы келген адамды естігенімен, ұзақ уақыт бойы ішке кіре алмаған. Есікті қосалқы кілттер арқылы ашқан олар балаларды ес-түссіз, ал анасын ауыр халде тапты.

Талқылау