Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Директордың өзі шығарып салған": Оралдағы балалар лагерінде 10 жасар бала соққыға жығылды

10 маусымда Оралда 10 жасар бала мен оның әпкесі "Атамекен" балалар лагеріне жіберілген. Қалалық білім бөлімі оларға су тасқынынан зардап шеккендер ретінде жолдама берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мой Город басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Мой Город

Баланың әкесі лагерь басшылығы жауапкершілікті өз мойнына алса дейді. 

“Балаларға лагерге барған соң телефон ұстауға тыйым салынған. Қызым балалардың бірінің телефонын алып, 14 маусымда маған қоңырау шалып, баламды лагерде ұрып-соғып жатқанын айтты. Кешке барып балаларды алып кеттім. Себебі ол жақта балаларға ұнамайды деп ойладым. Сол кезде балаларды лагерь директорының өзі шығарып салды. Үйге келген соң ұлым денесіндегі көгерген жерлерін көрсетті. Ұлымның аяғы, қолы мен денесі көгерген. Айтуынша, оны 8-10 шақты жігіт спорт залда, көшеде ұрып-соққан. Балаларға айтарым жоқ, өйткені олар әлі бала ғой. Ал балаларды қабылдап, оларға қарауға уәде берген лагерь басшылығына және осының барлығын ұйымдастырған министрлікке сұрағым бар. Неге мұндай жағдай орын алды? Бұған қалай жол бердіңіздер? – дейді баланың әкесі.

15 маусымда ер адам баласымен бірге травматологқа барған. Ол гематомаларды жазып алып, полицияға арыз жазған. Алайда полиция бұл істі мүлде қозғамаған көрінеді. Ер адам адвокат жалдаған соң ғана іске кіріскен. 

Сөйтіп, небәрі 11 күннен кейін полицейлер сот-медициналық сараптамаға жолдама беріпті.

“Олар жолдаманы 26 маусымда кешкі уақытта берді. Біз барған кезде тексеру 16.00-ге дейін жүргізілгені белгілі болды. Үлгермей қалдық. Сараптаманы келесі күні өткіздік. Менің түсінуімше, олар бұл мәселені жасырғысы келеді", – дейді әділдік іздеген әке.

Фото: Мой Город

Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті аталған жағдайдың 2024 жылдың 15 маусымында Орал қаласының полиция департаментінде тіркелгенін хабарлады.

“Аталған іс аясында полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар тұлғалар мен оқиғаның себебін анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындау туралы шешім шығарылды. Оның қорытындысы бойынша аталған оқиғаға құқықтық баға беріледі. Тексеруді ұйымдастыру мақсатында Орал қалалық білім бөліміне ұсыныс енгізілді", – делінген хабарламада.

Бұл оқиғаға қатысты Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы да түсініктеме берді.

“Кәмелетке толмағандар арасында тәрбие жұмысын дұрыс жүргізбегені үшін тәлімгер мен тәрбиешіге тәртіптік жаза қолданылды. Тәлімгер жұмыстан босатылды. Орал қалалық білім бөлімінің бұйрығымен қызметтік міндеттерін орындауға немқұрайлылық танытқаны, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде ішкі тәртіп ережелерін бұзғаны үшін "Атамекен" Қалалық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы директорына "сөгіс" түріндегі тәртіптік жаза қолданылды", – делінген хабарламада.

Бірақ баланың әкесі ұлын лагерден директордың шығарып салғанына, яғни оқиға болған кезде оның жұмыста болғанына, сөйте тұра жәй ғана қызметкерге сөгіс жарияланғанына таңданысын білдірді. 

Талқылау