"Балаңа кесіріңді тигізбе": Ақбота Керімбекова ұлына қысым көрсетіліп жатқанын айтты
Отандық әнші Ақбота Керімбекова ұлы Шалқарға қысым көрсетіліп жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/birzhan_shalkarov/
Өнер иесі ұлттық арнадағы музыкалық жобаның ұйымдастырушыларына ренішін жеткізген еді.
“Қолдап, үн қосып жатқан әрқайсыңызға алғысым шексіз! Ана жақта Динаражан балама хабарласып, “Мамаң көп болса 3 күн шулатар, ал мен қанша жоба жасаймын, сенің жолыңды жаппасын да" деп айтады дейді. Бағана да “балаңа кесіріңді тигізбесей” деп маған қыр көрсеткен. Қоғамда “неге шын таланттар танылмайды, тасада қалып қояды?” деген сауал көп. Жауабы – осы! Талантты адамдарда Құдай жаратқан мінез болатыны аян! Сөйтіп жүріп, біреуге ұнамай қалсаң, жолың өмірлікке жабылады. Көн, көнбе, сен, сенбе, жағдай – осы!", – деп жазды әнші.
Сондай-ақ әнші ұйымдастырушылар тарапынан көрсетілмеген құрметсіздікке күйінгенін жасырмады.
“Жалпы, мен майдаланып, мейманхананы мәселе қылу үшін ашынғаным жоқ, ашынуымның себебі құрметсіздікте! Біреуді қаралап, ел алдында әжуалау да маған тән емес. Тағы айтамын, қадірімді қашырғанына, жалпы мұндай жағдайдың жиі қайталанатынына кәдімгідей ренжіп отырмын. Мұндай оқиға жалғыз бұл жерде емес, барлық салада бар. Әліне, атағына, ақшасына қарап бағалау, қорыққанды сыйлау, қазақылыққа менсінбеушілікпен қарау – барлық құрылымда бар. Менің айтарым, әуелі Алладан, сосын, момынның ашынуынан, қазақтың өкпесінің қақжарылуынан бәрі де қорқуы керек! Күйе жағумен емес, сыннан қорытынды шығаруға әрекет жасасаңыздаршы, айналайындар!”, – деп ескерту жасады өнер иесі.
Еске салайық, Меруерт Түсіпбаева әріптесі Ақбота Керімбекованың сөзін растаған еді.