Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бес рет ота жасалды": Алматылық отбасы балаларының өмірін сақтап қалу үшін қазақстандықтардан көмек сұрайды

11 жастағы Аспендияр Шериязданның ата-анасы балаларының өмірін сақтап қалу үшін қазақстандықтардан көмек сұрайды. Аспендиярдың басынан қатерлі ісік анықталған. Ота жасалғанымен, ісікті толық алып тастай алмаған. Баланың өмірін құтқару үшін химия терапия қабылдауы керек. Алайда алматылық отбасы еміне қажетті 64 миллион теңгені қалтамыз көтермейді дейді. Stan.kz тілшісі Аспендиярдың анасы Ләззат Кисалиевамен тілдесіп көрді. 

Аспендиар

Ләззат Кисалиеваның сөзінше, баласының ісікпен күресіп келе жатқанына осымен 6 жыл болған. Аспендиярдың денсаулығы алғаш рет 2016 жылы сыр берген. 

"Аспендияр – үлкен ұлымыз, жасы 11-де. 6 жасына дейін сап-сау болған, бала-бақшаға барып жүрді. Бірақ 2016 жылы аяқ-асты ауырып, ауруханада тексерістен өттік. Осы кезде бізге басында ісік бар екенін айтты. Бірден Нұр-Сұлтан қаласына ота жасатуға бардық. Бастапқыда дәрігерлер қандай ауру екенін түсіне алмады. Ота жасап, шунт орнатты. “Қанды ісік болуы мүмкін, қайтып кетеді” деп үйге қайтарып жіберді", - дейді Ләззат Кисалиева. 

Анасы отадан екі апта өткен соң Аспендиярдың жағдайы мүлде нашарлағанын айтады. 

"Жағдайы күрт нашарлаған соң Нұр-Сұлтанға қайта барып, екінші ота жасаттық. Бірақ ісік үшінші ми қалтасында орналасқандықтан дәрігерлер толығымен алып тастай алмады. Отадан кейін бізді Алматыдағы онкологиялық орталыққа жіберді. Мұнда 1 ай көлемінде ем қабылдады. Алайда көмек көрсете алмай, шығарып салды. Тек күту керек деп айтты", - деп түсіндірді Аспендиярдың анасы. 

Ләззат Кисалиеваның айтуынша, балалар омбудсмені Аружан Саинның көмегімен ұлына Түркияда ота жасалған. 

"Аружан Саин жан-жаққа құжаттарды жіберіп, Германия мен Түркиядан ұсыныс келіп түсті. Содан кейін ес-түссіз жатқан баламды алып Түркияға бардық. Шығынды Аружан Саинның қоры төледі. Бір күннен соң ота жасалып, Аспендиярдың беті бері қарады. Көзін ашып, жақсарған соң үйге қайттық. Сөйлеп, тұрып жүре бастады. 1-сыныпқа барып, мектеп табалдырығын аттады. Екі жыл ешқандай шағымы болмады. Бірақ екі жылдан кейін рецидив болып, ісік қайта шықты. 2019 жылы Түркияға барып, төртінші ота жасауға тура келді", - дейді Аспендиярдың анасы. 

Отадан кейін дәрігерлер ісіктің қатерсіз екенін және қайта шықпайтынын айтқан екен. Алайда 2021 жылы Аспендиярдың денсаулығы нашарлап, Түркияға үшінші рет баруға тур келіпті. 

"2021 жылдың желтоқсанында Аспендияр ауырып, көзін аша алмай қалды. Барымызды отаға бердік. Өзімізде қаражат жоқ. Пәтеріміз болған, жол шығыны мен дәрі алу үшін сатуға тура келді. Аружан Саинның қоры бесінші отаға да көмек көрсетті. Ісікті толық алып тастай алмайды. Қазір қатерлі ісікке айналған. Тезірек емдемесе, басқа мүмкіндік жоқ", - деп қосты Ләззат Кисалиева. 

Аспендияр толық жазылып шығуы үшін химия терапия қабылдауы керек екен. Алайда ақысы төленбегендіктен түркиялық емхана терапияны тоқтатқан.

"Аружан Саинның қоры химия терапияға көмектесе алмай отыр, бұған рұқсат жоқ екен. Баланың жағдайы нашарлаған соң бірден химия терапия басталған. Бірақ ақысын төлей алмай, қарызға батқандықтан қазір тоқтатып тастады. Елге қайтуға баланың шамасы жетпейді. Аспендиярдың өмірін сақтап қалу үшін қазақстандықтардан көмек сұраймыз", - деп аяқтады Ләззат Кисалиева.

Аспендиярдың еміне 64 195 000 теңге (150 000 доллар) қажет. Ата-анасы баланың өмірін құтқару үшін кез келген сомма маңызды дейді.

Реквизиттер: 

Анасы: Ләззат Кисалиева

Kaspi Bank 

4400 4301 1450 0835

8 778 360 32 77

Халық Банк:

4390 8722 0455 6155

Талқылау