Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баламен секс туралы қалай сөйлесу керек

6 жасар қызыңыз бөлмеге ең ыңғайсыз уақытта кіріп келді. Тосын дүниені көрген оның бүлдіршін санасында «Әкем неге анамды қинайды?» деген сұрақ туындайды. Махаббат пен жыныстық қатынас туралы сөз ата-ана мен бала арасында қашан өрбуі тиіс?

get_img

«Бұл ретте ұялудың, қысылудың, жыртыңдап күліп немесе айқайға басып, баланы бөлмеден қуудың керегі жоқ», – дейді отбасылық психолог-кеңесші Анна Арутюнян.

Жасушадағы махаббат

Өмірдің интимді жағы туралы бала уақыты келгенді өзі-ақ біліп алады деп ойлайтын ата-аналардың мұндай пікірі дұрыс емес. Әрине, балаңыз ол туралы білмей қалмайды. Десе де бұл мәселе жөнінде ғаламтордан емес, ата-анасынан білгені жөн.

Баланың 3-5 жасында, яғни санасында «Мен қайдан пайда болдым?» деген сұрақ туындағанда, жыныстық қатынас, махаббат туралы сөз қозғалуы тиіс. Ұлымен әкесі, қызымен анасының сөйлескені абзал. Бірақ бұл қатып қалған қағида емес. Баланың ата-анасының қайсысымен қатынасы тығыз, жақын болса, сол адамның түсіндіргені дұрыс болмақ.

Қысылып-қымтырылмастан, балаға түсінікті тілмен түсіндіріңіз. Мысалы, анаңның құрсағында әкең мен анаңның жасушалары бірігіп, бала өседі. Ал бұл «ыңғайсыз тақырып» жөнінде сөйлесуге тіліңіз күрмеліп, аузыңызға сөз түспей жатса, жыныстық қатынас, баланың пайда болуы жайлы суреттер, түсіндірмелер арқылы ұғынықты көрсетілген жақсы кітап сатып алыңыз. Ол балаңыздың жасына лайық болуы керек.

12 жастағы бала баланың пайда болуы, жүктілік, әйел мен еркек тәнінің, ағзасының құрылысы, ерекшелігі жөнінде түсінуі қажет. Анасының жасөспірім қыздарына аталғандар туралы түсіндіруі әлдеқайда жеңіл өтеді. Себебі етеккір басталғанда, қалай да түсіндіру керек болады. Сөз барысында жыныстық қатынас тақырыбына тоқталып, қыз баланың етек-жеңін қымтап жүруін, «қырық үйден тыйым» барын түсіндіргеніңіз абзал.

«Жоқ» деп айтуға үйрету

Жасөспірімдермен жүктілік, жыныстық қатынас арқылы жұғатын аурулар туралы ашық сөйлесу керек.

Ұл балаға жыныстық қатынастың көңіл-күй, өз ісіне жауапкершілік танытумен тығыз байланыста екендігін баса түсіндіру шарт. Егер сүйген қызы жүкті болып қалса, ол – қызға қана емес, өзіне де қатысты мәселе. Сонымен қатар кәмелет жасқа толмаған балалармен жыныстық қатынасқа түскендігі үшін ұылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын ескертуіңіз қажет. Ал қыз балаларға «жоқ» сөзі жәй ғана қылымсу емес, нақты «жоқ» деген жауап екендігін түсіндіріп, қыз баласы ар-ұятты бәрінен жоғары қоюы керектігін ұғындырыңыз. Себебі жігіттер қыздың күмәндана, мұрын астынан мәңгірлей жауап берген «жоқ» деген жауабын қылымсу деп тауып, соңы зорлықпен тынуы мүмкін. Айта кетерлігі, «жоқ» деп жауап беру қабілеті адамның өзін-өзі бағалауымен тығыз байланысты. Егер ол өзін бағалай білсе, кез-келген адамның құшағына кіруден саналы түрде бас тартады.

Алғашқы махаббат

Қызыңыздың не ұлыңыздың алғашқы махаббаты пайда болса не істеу керек? Онда балаңыздың қызымен не жігітімен жақын танысуға тырысыңыз. оны қонаққа шақыруды ұсыныңыз. Бірақ балаңыздың сүйіктісі көңіліңізге жақпаса да, жылы шырай танытқайсыз. Оған қоса балаңызға ғашығымен кездесуге тыйым салмаңыз. Бұл әрекетіңіздің керісінше әсер етері анық. Және сүйіктісін, екеуінің қарым-қатынасын күлкі етіп, бәрінің өткінші екенін айтып, қалжыңмен мүйіздеуден аулақ болыңыз. Жасөспірімдерді ата-ана қамқорлығынан сәл босатып, еркіндік беру керек. Бірақ мүлдем жүгенсіз жібермеңіз және салқындық танытпаңыз. Бала қашан да көмекке келетініңізді сезуі тиіс.

Балаға қашан және не айту керек?

3-5 жас

Балалардың қайдан пайда болатыны туралы алғашқы түсінік

Баланың ата-анасының жасушасы екендігін, анасының құрсағында өсетінін, ата-анасы баланы аңсап, мейірім-махаббатын тоса күтетіндігін түсіндіріңіз.

7-8 жас

«Ыңғайсыз сұрақтарға» жауап беру.

«Жасуша» анамның құрсағына қалай түсті? Махаббат деген не? Неге бала бірін-бірі жақсы көрмейтін адамдарда туыла алмайды? Етеккір деген не (қыздар үшін)? Эрекция деген не (ұлдар үшін)?

9-10 жас

Ер мен әйелдің анатомиясы және барлық процесс туралы толық түсіндірілген сапалы энциклопедия сатып алыңыз.

Сонымен қатар барлық сұрағына жауап беріңіз. Нені түсінбегенін сұраңыз. Ол ұят емес. Қысылмаңыз!

11-12 жас

Бала сәбидің пайда болуы, дүниеге келуінің физикалық жағы туралы барлығын барлығын білуі керек. Жыныстық қатынасты қашан бастау қажет, қалай қорғанып, қалай бас тарту керектігі жөнінде түсінуі тиіс.

Талқылау