Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балама барып келейінші": Алматыда жүргізушіні ұрған ер адам жол апатынан кейін оқиға орнынан қашып кетпек болған (видео)

Желіде Алматыдағы адам өліміне әкелген автобус жол апатының орнынан бейнежазбалар пайда болды. Куәгер бала оқиғаны баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Студент жігіттің айтуынша, ол досымен бірге Апорт аялдамасынан мінген. Олармен бірге қаскөй де мініпті.

“Ер адам Қалқамандағы №7 ауруханадан түсуі керек еді. Жүргізуші одан жолақысын төлеген билетті көрсетуін сұрады. Ер адам жолақысын төлемепті. Жүргізуші оны көпірден кейін айналып, түсіріп жіберетінін айтты. “Көпірден кейін туннельмен өтіп кете аласыз, әзірге жолақысын төлеңіз” деп айтқан әйел. Алайда ер адам ашуланып, дәл қазір тоқтатуын сұраған”, – деді куәгер Әмірхан Немолчи қорына берген сұхбатында. 

Айтуынша, ер адам жүргізуші көлікті тоқтатпағандықтан, ол айқай шығарып, дөрекілік танытқан.

“Дәл қазір тоқтат дедім ғой, шығар мені” деп айқайға салды. Содан соң “жаныңды шығарам” деп қоқан-лоқы көрсетіп, боқтық сөздер айтты. “Қолыңнан келсе, ұрып көр” деді әйел. Бірақ ұрады деп ешкім күткен жоқ. Ол әйелді екі рет ұрды. Әйел бір жаққа құлап, “тежегіш, тежегіш” деп айқайлады да, есін жоғалтты. Досым жүргізуші әйелдің аяғын газдан алып, тежегішті басты. Әйтпесе құрбандар саны бұдан да көп болар еді”, – деді жігіт.



Жүргізуші әйелді ұрған ер адам оқиға орнынан қашып кетпек болған.   

"Мен тез арада балама барып келейінші" деді. Нақты айта алмаймын, шамасы, ауруханада баласы жатқан болар. Қолында пакеті болды. Қалқаманнан түсіп қалғысы келді. Бірақ оны ұстап, жіберген жоқ. Біз мұның бәрін полицейлерге түсініктемеге жазып бердік, бірақ 18-ге келмегендіктен, куә бола алмайсыңдар деді”, – деді жігіт

Әмірхан досымен бірге полицияға бәрін айтып бергенімен, олар кәмелет жасқа толмағандықтан, куәгер ретінде саналмаған екен.

Еске сала кетейік, 22 желтоқсан күні Алматыда автобус жаяу жүргіншілерді қағып кеткені туралы жазған едік. Сондай-ақ желіде Алматыдағы жолаушыларды қағып кеткен автобус апатының видеосы жарияланды. Мұнда ер адам автобус жүргізушісімен жанжалдасқан. Кейін оны ұрып, өзін тыныштандырмақ болғандарға да агрессия көрсеткен. 

Талқылау