"Барлығы қолдан жасалған": Қызылордадағы оқу орталығы балалар жерде ұйықтап жатқан видеоға қатысты пікір білдірді (видео)
Қызылорда қаласындағы "Меридиан" оқу орталығында ата-аналар балалардың суық еденде жатып, тамақтың лас асханада әзірленетініне шағымданды. Әлеуметтік желіде жарияланған видеоны көрген ата-аналар мекеменің алдына жиналып, осы күнге дейін балалары үшін төлеген ақшаларын қайтарып беруді және орталық қызметін тоқтатуды талап етті. Ал мекемеде бұрын жұмыс істеген кейбір тәрбиешілер ата-аналардың уәжі орынды екенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Бейнежазбада орталықта білім алып жүрген балалардың түскі уақытта салқын еденде, бір ғана төсеніш үстінде жатқаны көрінеді. Ең сорақысы, бір бүлдіршін тіпті ғимараттың дәлізінде жатыр. Ал орталық қызметкерлері мұндай жағдайға үйреніп қалғандай, жайбарақат әңігемелесіп отыр. Ата-аналарға бұл жайды мекеменің бұрынғы тәрбиешісі хабарлаған екен.
"Мен баланың өмірін қорғағым келді. Бала аш. 11 сағат тамақ ішпейді. Нан бермейді. Тамақты сарайға істейді. Кешегі желіде жариялағанымыз осы шәйнек қой. Сол шәйнек, сол қазан", – деді оқу орталығының бұрынғы қызметкері Аида Мырзағұлова.
Білім беретін ұйымдағы жағдайды ести сала ата-аналар сонда барған. Олар бұл бассыздықты бұған дейін білмедік дейді. Айтуларынша, орталықтың басшысы әр нәрсені сылтауратып, оларды ғимаратқа кіргізбей келген. Жиналғандар білім беретін оқу орталығын жауып тастау керек деп талап етті.
"Кірсем ішінде бір печенье бар. Одан басқа ештеңе жоқ. Мәзі де көрсетпеді. Осы кезге дейін кіріп көру жөнінде айттық. Бірақ ата-ана ретінде бізге ешқашан таныстырған емес. Мен қаражатымды қайтаруды және мына мекеменің жабылуын талап етемін", - дейді ата-аналардың бірі Жадыра Мерденова.
Ата-аналар сөзінше, "Меридиан" орталығы әр баланы мектепке даярлағаны үшін ай сайын оқу ақысына 20 мың теңге алады екен.
Ал мекеме иесі балаларға келісімшартта көрсетілген жағдайлардың бәрі жасалады дейді. Ал видеодағы балалардың еденде жатқаны мен лас асхананың көрінісін жұмыстан шығарылған тәрбиеші сол күні қолдан ұйымастырған деп отыр.
"Тамақтың барлығын өзі қолдан жасаған. Сосын суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаймын, болмаса 500 мың теңге бересіз деп сес көрсетеді. Бұл кісінің маған жазған жазбалары бар", – деді "Меридиан" оқу орталығының құрылтайшысы Айнұр Сүндетова.
Алайда басшы бар деген дәлелдемелерін көрсетпеген. Қазір тәрбиеші, ата-ана, құрылтайшы бір-бірінің үстінен арыз жазған. Бірақ елді шулатқан даулы мәселеге байланысты прокуратура кәсіпкерлік нысанды мораторийге байланысты әлі күнге тексере алмай отыр.