Балағат сөз айтып, жанжал шығарған: Қостанайлық шенеунік жазаға тартылды
Видеодан скрин
Балағат сөз айтқаны үшін басы дауға қалған Қостанай облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің басшысы Алмас Әбілдин қызметінен төмендетіліп, айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін желіде Қостанай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің басшысының балағат сөздер айтып ұрысқан видеосы тараған еді.
Облыс әкімдігі аталмыш шенеунікке қатысты қандай шаралар қабылданғанын мәлімдеді.
"Әбілдинге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды (қоғамдық орында балағат сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік көрсетіп, қоғамдық тәртіпті бұзу)", – делінген Қостанай облыстық әкімдігінің хабарламасында.
Қостанай қаласының әкімшілік істер жөніндегі соты Әбілдинді қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін кінәлі деп танып, 78 640 теңге көлемінде айыппұл салған.
"Сонымен қатар, 2025 жылғы 25 сәуірде Қостанай облысы әкімдігі жанындағы тәртіптік комиссияның ұсынысы негізінде Әбілдинге мемлекеттік қызметтегі лауазымын төмендету түрінде тәртіптік жаза қолданылды", – делінген әкімдік хабарламасында.
Сондай-ақ әкімдік шенеунік өзі балағаттаған стадион күзетшісінен кешірім сұрағанын атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Қостанай облысында балағат сөздер айтып жанжалдасқан шенеуніктің видеосы тарағаны, видеоға қатысты қызметтік тексеріс басталғаны туралы жазған едік.

"Жеті жыл күттім": Алматылық жас жігіт 53 жастағы әйелдің жүрегін алғаннан кейін өмірі қалай өзгергенін айтты
