Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баласы мүгедек болып қалған": Ақтөбелік әйел ауруханадан 10 миллион теңге өндіріп алды

Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бес жастағы баланың анасының қалалық мемлекеттік ауруханалардың біріне қатысты талап арызы бойынша азаматтық істі қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

Былтыр маусым айында төрт жастағы бала үйде жүріп қайнаған суға күйіп қалған. Ол жедел жәрдеммен жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер баланың денесінің 26-28%-ын термиялық күйік шалған деп диагноз қойды. 

“Денесін қатты күйік шалған балаға аутодермопластика отасын жасау қажет болды. Бала бір ай – 24 маусым мен 24 шілде аралығында ауруханада болды. Бірақ құрылғының, атап айтқанда дерматомның батареясы жоқ болуына байланысты операция жасалмады”, – делінген сот хабарламасында.

Құрылғы жұмыс істемейтіндіктен дәрігерлер балаға ота жасай алмаған. Медициналық құрылғының аккумулятормен уақытылы қамтамасыз етілмегені үшін бас дәрігердің орынбасарына сөгіс жарияланды.

Сондай-ақ баланың анасы ауруханада күйік шалған науқастарға арналған кереует пен көп компонентті майлардың жоқтығын айтты. Баланы ауруды басатын дәрісіз таңып тастаған. Осыған байланысты ол сотқа материалдық және моральдық шығынды өндіру туралы талап арызбен жүгінген.

“Сотта сұралған маман, балалар ортопед-травматологы баланың күйік шалған жері оның жасында өміріне қауіп төндіретінін түсіндірді. Табанның артқы жағындағы жұқа терідегі 3-дәрежелі күйікке уақытында ота жасалмаса, бұл мүгедектікке әкеліп соғатын тыртық тудырады. Емдеуді кешіктірген жағдайда бала күйіктік шоктан күйік сырқатына шалдығады. Яғни дене қызуы жоғарылап, тері мен ағзаның улануына тап болады. Дұрыс терапия жасау арқылы мүгедектікті болдырмауға немесе азайтуға болатын еді. Сонымен қатар маман баланың психикасындағы өзгерістерді болдырмау шін балаларға таңғыштарды жалпы анестезиямен жасау керек екенін түсіндірді”, – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.

Сот “жауапкер білікті медициналық көмек көрсететін арнайы субъект болғандықтан мұндай бұзушылықтарға жол беруге болмайды” деген қорытындыға келді.

“Сапасыз қызмет көрсету салдарынан балаға физикалық және моральдық зақым келгендіктен, сот жауапкерден моральдық шығынды өтеу ретінде 10 миллион теңге және 1 098 823 материалдық шығын өндірді”, – делінген хабарламада.

Бұған дейін от мерекесін тойлау кезінде 14 адамды күйік шалып, қаза тапқаны туралы жазған едік.

Талқылау