Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бақытты азаматтар әйелін ұратын жігіттерге кеңес берді

Отандық бағдарламалардың біріне ер азамат әйелін ренжіткені туралы хат жазған-ды. Аталған хатта азамат өзінің әйелін ұрғанын, артынша оның төркініне кетіп қалғаны туралы жазған екен. Енді әйелін үйге қайтара алмай әлек болып жүр. Осы мәселеге қатысты мешіт имамы, психолог Ержан Қуандықұлы және айтыскер Жандарбек Бұлғақов пікірлерін бөлісті.

17586636_224898507915268_3265636765280501760_n

Бұл туралы «Әйел бақыты» бағдарламасында айтылды.

«Маған сіздердің ақыл-кеңестеріңіз қажет. Сол себепті жазып отырмын. Ұят болса да айтайын. Әйелім өз үйіне кетіп қалды. Маған сенбейді, сөзімнің барлығын жоққа шығарады. Бірақ оған өтірік айтқан емеспін. Сенбегені үшін ұрған едім. Өз басым ішпеймін, шекпеймін. Ол енді ажырасатынымызды айтып отыр. Кешірім сұрап, үйіне бардым. Ол қайтпай қойды. Неше түрлі ойлар келіп жатыр. Мұндайда не істеуге болады? Қатты сөкпеңіздерші», – деп жазады есімін жасырған азамат.

Мешіт имамы бұл жанжалдың тәкаппарлыққа байланысты туындағанын сөз етті. Оған әйелінің алдына барып кешірім сұрауға, бірақ өзінің намысын таптатпауға кеңес берді.

«Адамның жан-дүниесі таза болып, иман жүрекке жақсы жайғасса, бүкіл ағзаға оң ықпалын жүргізеді. Болар істің болып қойғанын толық түсініп отырмын. Адам неге ажырасып, ұрысады? Барлығы айналып келіп тәкаппарлыққа тіреледі. «Менің сенен қай жерім кем?!» деген ой тұрады. Күйеуі үнемі әйеліне өзінің бір саты жоғары екенін айта береді. Әйел де өзінің бір үйдің аялап отырған қызы екенін еске түсіре береді. Отбасындағы жанжал бір сөзді көтере алмағаннан шығады. Ақыры әйел үйіне кетіп тынады. Барша кінәнің бастауы – осы тәкаппарлық. Шайтан да әуелде тәкаппарлық қылып, адамға сәжде қылмады.

Сол кезде Алланың билігіне мойнын игенде, барлығы қалпына келетін еді. Шайтан бұлай жасамаған соң жәнаттан малғұн болып қуылды. Сол секілді адам да кейде сол шайтанның ісін істеп қояды. Осы тұста бір адам өзін төмендете салса, бала-шаға жапа шекпейді. Ер кісі әйелдің үйіне барып жағдаятқа қарауы керек. Қатты кешірім сұрап, өзін жермен теңестірудің де қажеті жоқ. «Бір ағаттық кетті. Мен де, сенде есімізді жияық. Болар іс болды. Бала-шаға үшін үйге кел» деп ақылға келтірсін. Кейде ер-азаматтар өзін тым төмендетіп жібереді де, әйелдің тәкаппарлығын өршітіп алады. Мұндайда әйел оны тағы да иілдіре түскісі келеді», – дейді имам.

Ал психолог Ержан Қуандықұлы бұл пікірмен келіспейтіндігін жеткізді. Оның айтуынша, ер азамат әйелді ұрмауы керек. Ұрған жағдайда өзін барынша төмендетіп кешірім сұрауы керек.

«Мен сіздің пікіріңізбен келісе алмаймын. Сонда ер адам қалаған нәрсесін істейді, артынша әйелден кешірім сұрамай ма? Біздің орталыққа осы жағдайға байланысты жұп келді. Күйеуі «Жарайды, мен кінәмді мойындаймын. Кешірім сұрадым. Бірақ бұл өзімшілдік танытып қайтпай жатыр» дейді. Әр адамның шалыс басатыны анық. Әйелден «Неге кешірмейсіз?» деп сұрадым. Ол «Сіз оның қалай кешірім сұрағанын білесіз бе? «Ей, кешір! Кеттік болды» деп айтты» дейді әйел. Қателігін мойындамаған адамды әйел қалай кешіреді? Бұрынғы үлкен кісілер мен қазіргі үлкен кісілер мүлдем бөлек. Әр әке-шеше өз баласын жақтайды. Олар жастар қосылсын деместен, өз балаларын ақтауға кіріседі. Менің ұсынысым – бұл мәселеге ерлі-зайыптылар ешкімді араластырмай, жеке дәмханада бетпе-бет отырып әңгімелессін. Бір-бірінің дертін-мұңын тыңдасын. Қателіктері болса мойындасын. Кейін соны істемеудің жолдарын іздестірсін. Үй оларға ұрысқандарын еске түсіре беретін болады», – дейді маман.

Студияның тағы бір қонағы Жандарбек Бұлғақов имамның сөзін қоштағандай болды. Ол, тіпті, араға ата-ананы араластыруға кеңес берді.

«Бұл хаттың сіздерге келгеніне 2-3 күн болыпты. Әйелдің төркініне кетіп қалғанына қарағанда, бұл жас отбасы болуы керек. Егде кісі болса, кетпейтін еді деп ойлаймын. Бұлардың ата-анасы қайда қарап отыр екен? Құдалар араларына елші жіберулері керек сияқты. Қазақы дәстүр жойылып кеткен сияқты. Сенің ата-анаңнің жаны ашымаған мәселені тікелей эфирде біреу шешіп бере ме?!» – дейді ол.

Құрметті Stan.kz сайтының оқырмандары! Өрелі адамдар жайында айтар өнегелі әңгімеңіз немесе қызықты фото, видеоңыз немесе бізге айтар ұсыныс-тілектеріңіз бар болса, [email protected] поштасына хат жазуларыңызға әбден болады.


Жіберіп алмаңыз:

Жандарбек Бұлғақов: Еркектер серіктес болып босануды көтере алмайды

Түркістандық азамат көңілдесінен бала туған әйелін кешірмек

Қытайлық жанкүйерлер Димашқа “Ұмытылмас күн” әнін шырқап берді (видео)

Димаштың ізбасары: Мен қазақтың атын шығарғым келеді (видео)

Талқылау