Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бахтияр Артаев Төреғалиге Mercedes-Benz көлігін сыйлағаны рас па?

Қазақта риза болған азаматына, жаны қалаған азаматқа шапан жауып, ат мінгізетін салт бар. Қазіргі кезде ат орнынан көлік мінгізіп жатады. Спортшы Бахтияр Артаевтың Төреғали Төреәліге су жаңа көлік сыйлағаны туралы ақпарат тарады. Мұның рас-өтірігін спортшының өзі айтты. 

Бахтияр Артаев спорттық мансабында, қызметте жүргенде түрлі сыйлықтар алғанын мойындайды. Алайда алған гөрі бергенді жаны сүйеді. Жаным жомарт деп атайды өзін. Дегенмен берген затын мақтан етіп көрсеткісі де, айтқысы да жоқ. 

"Төреғалиге Mercedes-Benz W221 көлігін сыйлады деген ақпарат айтылып жүр. Оны Төреғалидің өзінен сұраңыздар. Мен бергенді мақтан етіп айтқым келмейді. Көрсеткім де келмейді. Мен көлік сыйлаған жоқпын. Өтірік деп айтайын. Төреғали қалай айтса, солай деп түсініңіздер", - деді спортшы "Талқылайық" бағдарламасында.

Артаев бұл сұрақтан басын алып қышты. Өзіне Тимур Құлыбаевтың қымбат көлік сыйлағанын ашық айтқанымен өзі берген сый-құрметті атағысы келмейді. 

"Өмірімде ең қымбат сыйлықты сүйген жарыма сыйладым. Балаларымды өмірге әкелгені үшін сыйладым. Бірақ оның не екенін айтпай-ақ қояйын", - деді спортшы.

Артаевтың өмірдегі ең ауыр қабылдағаны - ата-анасының өмірден өткені. Одан өзге соққылар жай ғана қиындықтар дейді ол. 

"Ата-анамның өмірден озғанын ауыр қабылдадым. Одан өзге қиындықтарды қиындық деп атауға келмейтін шығар. Анам секілді мені ешкім түнгі 3-те күтпейді. Мінезім анама тартқан. Әке-шешемнің қасында көп болған жоқпын. Бірақ спорттан кеткен соң өмірінің соңғы уақыттарында қастарында болдым. Олардың сұрағанын бере алдым ба деген өкініш бар. Одан басқа өкініш жоқ", - деді Артаев.

Талқылау