Бахтияр Артаев: Тимур Құлыбаев маған су жаңа Land Cruiser көлігін сыйлады
Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев көлемді сұхбат берді. Спортшы мансабы мен қазіргі қызметі, отбасы мен болашақтағы жоспарлары туралы айтты. 21 жасында чемпион атанып, 25 жасында мансабын аяқтаған споршы қазір қызметте. Бақытты жар, бала тәрбиелеп отырған әке.
Бұл туралы "Талқылайық" бағдарламасында айтылды.
Бахтияр Артаев бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Афина-2004 жылғы XXVIII Жазғы Олимпиада ойындарының Олимпиада чемпионы, Баркер кубогінің иегері, 2005 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2006 жылғы Доха Азия ойындарының күміс жүлдегері (Катар).
Артаев 21 жасында чемпион атанып, 25 жасында спорттық мансабын аяқтады. Ауыл әкімі болды, саясатқа араласты. Соңғы рет праймеризге қатысып, өзін депутаттыққа ұсынды. Алайда өзінің тік мінезділігімен саясатқа араласқысы келмейтінін айтады.
"Спорт о бастан - саясат. Соның салдарынан өзім де, басқа да споршылардың сағы сынды. Саясаттың, әділетсіздіктің құрбаны болды. 15 жасымды қарсыласымды ұтып тұрғанымда мені жеңілді деп көрсеткен еді. Одан кейін де талай әділетсіздікті көрдім. Саясат тек ауыр атлетикада үстемдік ете алмайды деп ойлаймын. Себебі ауырды көтересің де, дәлелдейсің. Ал басқа спортта саясат араласады. Әділбек Ниязымбетов, Левит, Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбырайымов басқа да атақты спортшылар әділетсіздіктің құрбаны болды", - деді Артаев.
Артаев Қазақстанның көк туын қорлаған Бораттың ішкі саясаттан туған жайт екенін айтады.
"Бораттың мазағанын кейін желіде бастама көтеріп, көк туымызды мақтан етемін деп ұрандатқаннан пайда жоқ. Бұл шетелдің емес, өзіміздің ішкі саясатымыз деп ойлаймын. Сыртқа мұндай кино түсірудің түк керегі жоқ. Бұл ішкі мәселе. Көзі ашық азамат ретінде айтып отырмын. Сондықтан оның ықпалына жығылмау керек. Мен Боратпен бетпе-бет кездессем, терісін сыпырып алар едім. Бірақ оған мән берудің керегі жоқ деп ойлаймын",- деді чемпион.
Артаев спорттан кеткеніне біршама уақыт болса да, ақша үшін рингке шығуға дайын. Егер 100 млн доллар ақша тіксе, кіммен болса да жекпе-жек өткізуге дайынмын дейді.
"Афины олимпиадасынан келгенде Тимур Құлыбаев Toyota Land Cruiser су жаңа көлігін сыйлады. Ол қазіргі Bentley көлігімен бірдей. Ол кезде облыста менде ғана сондай көлік болды. Өмірімдегі ең қомақты бағадағы алған сыйлығым осы", - деді Артаев.