"Толассыз жауған жаңбырдан көз аша алмайсың": Қазақстандық әйел Дубайдағы су тасқынын қалай өткергенін айтты
Сыртқы істер министрлігі Біріккен Араб әмірліктеріндегі су тасқынынан зардап шеккендердің арасында қазақстандықтар жоқ екенін мәлімдеді. Дегенмен жағдайды көзбен көрген, оқиғаның қақ ортасында болған қазақстандық туристер табылды. Ханзада Балтаева – сонда болғандардың бірі. Ол апаттың қалай болғанын, су тасқынын қалай өткергенін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сөзінше, елдегі ауа-райының бұлай өзгеріп кететінін білмеген.
"Жаңбыр шелектеп жауып жатыр. Толассыз жауған жаңбырдан көз аша алмайсың. Бүкіл жолды су басты. Далаға мұндай кезде шығу өте қауіпті деп ойлаймын. Қазір құрбымның үйіне орналастым. Тіпті біздің үйді де су басты. Жаңбыр басылса, қалай жер кебеді деп ойлап отырмын", – деп жауап берді қазақстандық турист.
Ал Дубайдан Алматыға ұшпақ болған туристердің рейсі кейінгі шегеріліпті. Елде қалған туристерге қала басшылығы қонақүймен және азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Қалада жаңбыр тоқтағанымен, коммуналдық қызмет көрсететін қызметкерлер жерді тазалаған.
Фото видеокадрдан алынған
Билік құлаған ағаштарды алып тастау және дренажды торларды ашу үшін бригадаларды жіберді. Әл-Айнада қатты жаңбырдан кейін жолды су басып қалды.
Әмірлік тұрғындарының бірі жауын-шашынға дайын болып, көліктерін бұршақтан сақтаса, енді бірі дайын болмай шыққан. Себебі қаланың жартысын су басып, инфрақұрылымдарға шектеу қойылған. Өкінішке қарай, елдегі ескі аудандар қатты зардап шеккен. Мұнда тұрғын үйлерге су кіріп, құлауға шақ қалған. Енді ескі ауданның тұрғындарына үйлерін қайта тұрғызуға тура келеді.
Фото видеокадрдан алынған
"Достар, қараңыздар. Үйімізді су басып, түбі балдырға толған. Іші жасыл болып кеткен", – деді табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындардың бірі.
Еске салсақ, Біріккен Араб Әмірліктерінде демалыс күндері елге алты айлық жауын-шашын нормасын әкелген қатты дауыл болды. Парсы шығанағында қар аралас жаңбыр мен бұршақ жауған. Туристер елде ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты есеңгіреп қалды. Толассыз жауған жаңбыр жергілікті су тасқынын тудырып, сонымен қатар Дубай әуежайында рейстердің ауытқуы мен кешігуіне әкеп соқты.
Сонымен қатар БАӘ-дегі кей жолдар сенбі күні су тасқынына байланысты жабылды. Ал шейх Мохамед бен Заид жолы сияқты әмірліктің негізгі тас жолдарында қатты жауын-шашын салдарынан көлік қозғалысы шектелді. Әбу-Дабидің кей аудандарында, тіпті бұршақ жауғаны туралы фото-видео тарады.
Фото видеокадрдан алынған
Ал жаңбыр астында қалған кей көліктерге бұршақ түсіп зақым келген. Бейнежазбадан тұрғындардың бірі көмек күтіп тұрса, екіншісі қызық қуып видео түсірген. Сонымен қатар әлемдегі ең биік ғимарат Бурдж Халифаға қатты найзағай түскен сәтті желі оқырмандары видеоға түсіріп алған. Сөйтіп зәулім ғимаратқа түскен найзағайдың кадрлары интернетте тарап кетті.
Жергілікті билік мектеп оқушылары мен мемлекеттік қызметкерлерді жаппай қашықтан оқытуға жіберді. Кәсіпорындар уақытша жабылған. Ел үкіметі тұрғындар мен туристерге олардың қауіпсіздігі үшін көшеге шықпауға шақырды.