"Азық-түлікті несиеге аламыз": Нұр-Сұлтанда қымбатшылық қысқан халық министрдің орнынан кетуін сұрады
Нұр-Сұлтанда азық-түліктің қымбаттағанына наразылық білдірген бір топ азамат сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов орнынан кетсін деп талап қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Айтуларынша, халық көп баратын сауда нүктелерінің өзінде қазір картоп пен сәбіздің бір келісі 500 теңгеден асып кеткен. Ал ауладағы көкөніс сататын дүңгіршектерде одан да қымбат дейді. Онсыз да күнімізді әрең көріп отырмыз деп ашынған әйелдер министрдің өзінен жауап болмаса жаппай шеруге шығамыз деп отыр. Ал жауаптылар болса бұл маусымаралық қымбатшылық, көкөністің бағасы алдағы екі аптада түседі деп түсіндірді.
Жәрдемақымен күн көріп отырған бұл аналарды қымбатшылық әбден ашындырған. Елордалық Әлия Абылаева үнемі бағаны бақылап, салыстырып жүремін дейді. Екі ай бұрын осында келіп, көкөністің қымбаттап кеткенін айтып, министрлік мамандарымен қара базарға барыпты. Жауаптылар сол кезде бағаны бақылауда ұстаймыз деп уәде бергенімен, керісінше одан сайын көтеріліп кетті дейді.
“Азық-түлікті несиеге алып отырмыз. Басқа шарамыз жоқ. Өйткені мүлдем ақша жоқ. Мен қазір коммуналдық қызметтерді төлей алмай отырмын. Өйткені маған бала-шағамды тамақтандыру керек”, – дейді көп балалы ана Әлия Абылаева.
- Тоқаев азық-түлік пен құрылыс материалдарының бағасын реттеуге тапсырма берді
- Қазақстанда көктемнің соңындағы үсік жүрді: Жеміс-жидектер мен көкөністердің бағасы қымбаттай ма?
Министрдің құрғақ уәдесіне сенбейміз деген көпшілік қымбатшылық тыйылмаса, қарапайым халықтың жағдайы тағы нашарлайды деп отыр. Әкімдіктер картоп пен сәбіздің қажетті қорын жинай алмады деген Бақыт Сұлтановтың ресми жауабына да иланбайды. Кім жауапты болса да бағаны шұғыл арзандатқанын қалайды.
“Не себепті министрлердің жалақысын азайтпайды. Жұмыс істей алмаса, орнынан алып тастау керек қой. Жоқ біздің билік халыққа келгенде үнемдейді де, жұмыс істеу алмайтындарға жалақы төлейді. Халқым сендер кішкене шыдай тұрыңдар, аш отыра тұрыңдар деп қарайды”, – дейді көп балалы ана Гүлзат Төребаева.
Ал сауда министрлігіндегілер биыл көкөніс егушілер өнімін кеш жинады, алдағы 2 аптаның ішінде баға қайтадан түседі деді.
“Мысалы біз сенбі күндері барып көрдік. Шарынға бардық. Тағы да басқа базарларға бардық. Енді бағалар әр түрлі. 250 теңге, 300 теңгеден бар. Оңтүстік өңірлерде егін енді пісіп жатты. Сол себепті 1-2 апта көлемінде баға тұрақтанады”, – дейді сауда саясаты басқармасының басшысы Бақытжан Тәңірбердиев.
Алайда жауаптылардың бұл жауабына жиналғандар тағы да сенбеді. 250 теңге деген баға жоқ, қазіргідей сәбіз бен картоп 400-500 теңге аралығында сатылатын болса жаппай халықтық шеруге шығамыз деп тарқасты.
Ал аналарды тыңдаған шенеуніктер барлық уәжін министр Бақыт Сұлтановқа жеткізіп, өзімен 25 маусымда кездестіреміз деп уәде берді.