Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Гуманитарлық көмекті ұрлап жатыр": Петропавлда еріктілер туралы жалған ақпарат таратқан әйел жазаланды

Петропавлда еріктілер туралы жалған ақпарат таратқан әйел жазаланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: polisia.kz

Петропавлда 47 жастағы қала тұрғыны әкімшілік ғимараттардың бірінің артқы ауласында еріктілердің көлікке азық-түлік тиеп жатқанын видеоға түсіріп алған. Әйел еріктілер гуманитарлық көмекті ұрлап жатыр деп ойлаған. Ол өзі түсірген видеоны WhatsApp топта бөліскен. Кейін видео TikTok әлеуметтік желісінде тарап кетіпті.

Осылайша ел арасында жалған ақпарат тараған. Полицейлер хабарламаны тексере келе, "ұрланды" делінген азық-түліктердің шын мәнінде Есіл өзенінің тасқынынан зардап шеккен Қызылжар ауданындағы Үлкен Малышка ауылына кеткенін анықтады.

Полицияның мәліметінше, жалған ақпарат таратқан Петропавл тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Еске салсақ, бұған дейін Петропавлда мешіттегі гуманитарлық көмекті видео түсірмек болған ер адам мешіт имамын соққыға жыққаны туралы жазған едік.

Талқылау