Айзат Молдақасымова жаңа жұмысында жағдай жасалмағанына шағымданды
Хамза Жұматов атындағы эпидемиология және гигиена Ұлттық ғылыми орталығының басшысы Айзат Молдақасымова орталықты қаржыландыру мәселесі туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Молдақасымова желідегі парақшасында жазба қалдырып, орталықтың жағдайы мәз емес екенін айтты. Ол орталықтың әрең тұрған суреттерімен бөліскен.
"Өкінішке қарай, коронавирустың таралуы кезінде аса үлкен маңызға ие, ең қажетті орталыққа құзырлы органдар тарапынан көңіл бөлінбей отыр. Мен жөндеу жұмыстары мен айына үш рет келіп-кететін тексерулерге қатысты ештеңе айтқым келмейді. Тек қызметкерлерді аяймын. Біздің әлемдік дәрежесі бар эпидемиолог-ғалымдарға төлейтін қаражат болмағаннан кейін, соңғы үш жылдың ішінде олар жұмысқа жұмылдырылмай отыр", - дейді Айзат Молдақасымова.
Ол отандық ғалымдардың коронавирусты тестілеудің қолайлы әдісі, ұтымды вакцина, пайдалы препараттар өндіру сынды тың туындылар жасап жатқанын алдыға тартты.
"Бірақ біздің арзан және көп шығынды талап етпейтін препараттарымыз ешкімге қажет емес секілді. Мемлекетке шетелдік қымбат дәрілерді алу әлдеқайда қызығырақ. Қазіргі таңда маған елімізге көмектесе алатын көптеген адамдардан хаттар келіп түсуде", - дейді Молдақасымова.
Еске салсақ, осыған дейін Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері лауазымын атқарған шенеунікті кейбір келеңсіз жағдайларға байланысты қызметінен босатқан. Ал белгілі бір себептерге баланысты қызметінен кеткен Айзат Молдақасымова Жұматов атындағы эпидемиология және гигиена ғылыми орталығының басшысы қызметіне тағайындалған.