Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айына 1,5-2 миллион теңге табыс: 35 мың қазақстандық Кореяда нәпақа тауып жүр

Жұмыс іздеп Оңтүстік Кореяға кеткен қазақстандықтар саны 35 мыңнан асты. Оның 12 мыңға жуығы Корей түбегінде заңсыз жалданып, нәпақасын тауып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия" арнасына сілтеп хабарлайды.       

Еңбек мигранттарының басым бөлігін еліміздің оңтүстігінен барғандар құрайды екен. Олардың жат жерде құқығы тапталып, қауіпсіздігіне зиян келіп жатқан оқиғалар да жиілеген. Осыған алаңдаған депутаттар бастама көтерді. Халық қалаулылары отандастарымыздың заңды түрде жұмыс істеуіне жағдай жасау керек дегенді алға тартты. 

Оңтүстік Кореяға табыс табуға барған отандастарымыздың бірі - Айдос. Ол екі жыл Сеулде заңсыз еңбек етіп келген. "Таңғы жұпар" еліне қыдырып барып, сонда қалып қойыпты. Бүгінде елге оралып, ресми түрде қызмет істеп жүр. 

"Қазақстандықтарға Кореяда еңбек визасын алу өте қиын. Мен Сеулге екі бағытқа билет алып, турист ретінде бардым. Шет мемлекетте табыс жақсы болған соң, сонда жұмыспен қалып қойдым. Салыстырмалы түрде айтсам, егер елімізде құрылысшы болып істесең ең жоғары жалақы 400 мың теңгенің шамасында. Ал, Кореяда дәл сол жұмыста айына 1,5-2 млн теңге табыс табуға болады", - дейді Кореяда жұмыс істеп келген Айдос.

Соңғы жылдары Айдос секілді басын қауіп-қатерге тігіп, шекара асатын отандастарымыздың қатары күрт артқан. Кореяға жерлестеріміздің басым бөлігі, қарыздарынан құтылуға баратын көрінеді. Мәселен, тағы бір кейіпкеріміз Самат та 5 жыл бұрын Көкшетаудан барыпты. Қазір, ол құрылыс саласында еңбек етеді. Осынша уақыттан бері табысына қызығып жүр екен. Бірақ, туған жерден жырақта жүрген азамат, елді сағынғанын айтады.   

"Корея мемлекетінде жүргеніме 5 жылдан астам уақыт болды. Осы мемлекетке келу мүлде ойымда болмаған. Өйткені, елде жүрген уақытта кішкене қиын жағдайлар болып қалды. Кредит бар білесіздер. Барлығымыздың басымызда кредит деген пәле бар. Сол ғой негізі адамды іштей жейтін. Жарты жыл, бір жылдың ішінде осы уақыт аралығында елге қайту жоспарым бар", - дейді Кореяда жұмыс істеп жүрген Самат.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 2014 жылы Оңтүстік Кореяға бар-жоғы 359 отандасымыз заңсыз жұмыс істеуге аттанса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 12 мыңға жетіпті. Олардың көбі 20-35 жас аралығындағы еңбекке белсенді азаматтар екен. Бірақ, жат елде жәутеңдеп жүрген қаракөздеріміз басы ауырып, балтыры сыздаса медициналық көмекке де жүгіне алмайды. Белгісіз дерттен қайтыс болған жандар да жетерлік мұнда.

"Кореяда еңбек етіп жүрген отандастарымызда ешқандай көмек жоқ. Жұмыс берушілердің заңсыз еңбек мигранттарына дұрыс қарамайды. Басшылары алдауы мүмкін, ақшаны дұрыс төлемей қояды. Визамен жүрген адамдарға қарағанда олар аз табыс табады", - блогер Диана Сағиева.

Депутаттар Кореядағы отандастарымыздың мәселесін реттейтін уақыт әлдеқашан келді - дейді. Себебі, қомақты қаржыға алданып, шетел асып жатқан қазақстандықтардың легі қазір басылатын түрі жоқ. Қарапайым мысал, 2019 жылдың өзінде жат жерде жұмыс істеп жүрген азаматтарымыз елге 105 млн доллар аударыпты.  

Талқылау